Мәдениет

Жас әрі шағын ұжымның қос байқаудағы жеңісі

Құрыла салып қос байқауда топ жарды. Біріншісінде 1-ші орын, екіншісінде қанжығаға бас жүлдені байлаған. Отбасы мүшелерінен құралған халық аспаптары ансамблі Нижний Новгород пен Нұр-Сұлтан қалаларында өткен өнер бәйгесіне онлайн қатысып, көптің көңілінен шығып отыр.

Пинжениндер отбасы – өнерлі отбасы. Отағасы мен отанасы, ұлдары мен келіні – төртеуі төрт аспапты меңгерген. Балалайка-контрабас, альт домра, баян және кіші домра мен барабан. Бестіктен құралған ансамбль осы жылдың көктемінде оркестр қатарынан бөлініп шыққан. Карантин басталды деген сәтте өнерлі отбасы мүшелері мен әріптестерінің ойында шағын ұжым құру туралы идея пайда болады. Мақсат – онлайн болса да концерт ұйымдастыру, үйде отырған жұрттың көңілін аулау. Бірнеше жылдық тәжірибе, өнерге деген құрмет пен талғам тез арада өз нәтижесін берді. Жуырда қос бірдей қалада өткен байқауда үздіктер қатарынан көрінді.

Виталий Пинженин – халық аспаптары ансамблінің жетекшісі:

– Байқаулардың бірі – Ресейдің Нижний Новгород қаласында, екіншісі елордада өтті. Екеуінде де өзіміздің онлайн концертімізден үзінді ұсындық. Көптеген жақсы пікір естідік. Күтпеген жерден көршілес елде 1-ші орынды жеңіп алсақ, Нұр-Сұлтанда да бас жүлдеге ие болдық.

“Ивушки” попурриі мен “Rock-n-roll”. Жас әрі шағын ұжымға жеңіс сыйлаған туындылар осылар. Енді халық аспаптары ансамблі жақында Мәскеу қаласында қашықтықтан өтетін байқауға қатыспақ. Қазір сол өнер додасына дайындалып жатыр.

 

 

 

Алдияр Айтпаев