Ерiктiлер

Жанашыр жастардың еңбегі еленді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялаған болатын. Содан бері өңірімізде жанашыр жандардан құралған топ бірталай іс атқарды. Төтенше жағдай кезінде отбасыларға азық-түлік апарып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. Бүгінде белсенді жастардың еңбегі еленіп, біразы марапатқа ие болды.

Ерікті болып, еліміздің өркендеуіне үлес қосу – әр жанның азаматтық борышы, – деп санайды Асылжан Бегалинова. Бойжеткен бала кезінен айналасындағыларға қамқорлық көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып келеді. Ал еріктілердің қатарына 14 жасында қосылыпты. Бұған жергілікті Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі “Қоғамға қызмет” жобасы септігін тигізген екен. Асылжанның 2 жылдық еңбегі жуырда өткен “Самұрық-2020» атты өңірлік жастар форумында еленді. Ол “Білім саласындағы үздік волонтер” атағын иеленіп, 50 мың теңге көлемінде ақшалай сый алды.

Асылжан Бегалинова – Химия-биология бағытындағы НЗМ оқушысы:

– Білім саласындағы волонтер ретінде қоғамға аз да болсын үлесімді қостым деп айта аламын. Себебі, мен Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға түскен балаларға арнап жоба әзірледім. Ол – әр ауыл-аймақтан, қала мектептерінен келген оқушыларға жаңа оқу орнына тезірек үйреніп, сіңісіп кетуге арналған құрал. Бұл жұмысым үшін Мәскеу қаласында – 1-ші, ал Францияда 2-ші орынды иелендім.

Асылжан Бегалинованы экология жайы да алаңдатады. Қоқыс көрсе, немқұрайлы қарай алмайды. Күнде далаға шығып, қоқыс жинайды. Өзі ғана емес, құрбы-құрдастарын да игі іс атқаруға үгіттеп, тіпті, іні-сіңлілерін де табиғатты аялауға баулуда.

Асылжан Бегалинова – Химия-билогия бағытындағы НЗМ оқушысы:

– Бұдан бөлек, “Қоғамға қызмет” жобасының мүшелерімен түрлі акцияларға қатыстым. Солардың бірі “Мектепке жол” деп аталады. Біз көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға мектепке қажет оқу-жабдықтарын сыйладық.

Дамир Абдин із-түссіз жоғалып кеткен адамдарды іздеумен айналысады. Ол пандемия басталғанда облыстық жастар ресурстық орталығына мүшелік етіп, мұқтаж жандарға көмектесуді шешкен. Белсенді жерлесіміз елді індет әбігерге салып, тұрғындардың басым бөлігі далаға шыға алмаған кезде, оларға азық-түлік апарып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткен.

Дамир Абдин – волонтер:

– Біз қазіргі кезде де тұрғындарға қажетті заттарын тасымалдаумен айналысамыз. Жалпы, ерікті болып елге қызмет ету – жаныма жақын іс. Адамдардың алғыс айтып, шын жүректерімен қуанған жүздерін көргенде керемет сезімге бөленемін.

Дамир Абдиннің де еңбегі ескерілді. Ол “Самұрық-2020» өңірлік жастар форумында “Төтенше жағдайлармен күрестегі үздік волонтер” атағын иеленіп, сыйақыға ие болды.

 

 

 

 

 

 

Казиканова Алтынай