МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

Пандемия кезінде күйзеліске ұшырау жиілеген

Пандемия кезінде күйзеліске ұшырау жиілеген. Психолог пен психотерапевттердің қызметіне жүгінетіндердің дені – 30 жастан асқан адамдар. Арасында карантин қыспаққа алып, сәтсіздікке ұшыраған бизнес өкілдері де бар көрінеді.

Елімізде карантин көктемнен бері жалғасып келеді. Біресе жұмсартылды, біресе қатаңдатылды. Ақыры қыдыруды үйреніп қалған біз үйге тығылдық. Көктемнен бері коронавируспен 7 мыңнан астам солтүстікқазақстандық ауырған екен. Дені – ауруханада, қалғаны үйде ем алды. Бұл – бір бөлек әңгіме, науқаспен жақын араласты, ендеше бойында ковид бар деген күдікпен үйге қамалғандары да аз болмады. Төрт қабырға ортасында, ал сана мен жан даланы аңсайды, таза ауа жұтқысы келеді. Амалсыздан қамалып, бейбіт күннің қадірін түсіндік-ау.

– Карантин кезінде үйде отыру өте қиын. Далаға артық шыға алмайсың деген ой психологияға әсер етеді.

– Маған пандемия кезінде үйде отыру аса қатты қиындық туғызған жоқ. Алайда, кейбір достарым күйзеліске ұшырады.

Адамның психологиялық жай-күйіне ұзақ уақыт бойы жабық кеңістікте болудан бөлек, үнемі маска тағу мен тауар тапшылығы да әсер етеді. Әрі күндегі үрей – “Мен осы коронавирус жұқтырып алған жоқпын ба?” деген ішкі сұрақ жанды жегідей жейді. Бұның бәрі сайып келгенде күйзеліске соқтыруы мүмкін. Депрессия – табиғи процесс болғанымен, одан сақтанудың амалдары бар дейді мамандар. 30 жылдық тәжірибесі бар психотерапевт-дәрігер Юрий Рогачев стресті жеңу үшін мынадай кеңес береді.

Юрий Рогачев – психотерапевт:

– Стрестік жағдай туындаған кезде терең дем ала білу керек. 3 секунд бойы тыныс алып, 5 секунд демді шығарамыз. Бұл сәтте 1 минут бойы алыстағы бір нүктеге қарау қажет. Мұндай әдістер негативті ойлардан алыстатып, ойды реттеуге септеседі.

Мұндай жаттығуды кез келген жерде жасауға болады. Тағы мамандар шай тұнбаларын ішіп отыруға кеңес береді. Олар жан-дүниені тыныштандырып қана қоймай, иммунитетті күшейтуге ықпал етеді. Мәселен, женьшень тамырынан жасалған сусын иммундық жүйені нығайтады екен.

Юрий Рогачев – психотерапевт:

– Әр адам шығармашылықпен айналысуы керек. Жақсы кітап пен фильм адамға көңіл-күй сыйлайды. Үйде жаттығу жасап тұрған да жөн. Себебі, физикалық белсенділік стресті азайтады. Тағы таза ауада көп серуендеу қажет. Серуен эмоцияны ретке келтіреді.

Пандемия басталғалы маманның көмегіне жүгінушілердің саны 70 пайызға дейін артқан. Дені стреске ұшыраған. Пандемияның қашан аяқталатыны белгісіз. Сол себепті, ол қашан тыйылады деп қол қусырып отырудың қажеті жоқ. Сабырлық танытып, күндегі тіршілікті жасау, соны бағалау және әр сәтке қуана білу.

 

 

 

 

 

Бисенова Жанна