МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

Дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қоры жұмыс істеуде

10-нан 25 пайызға дейін арзан! Өңірде құны төмендетілген дәрі-дәрмек саудаға шығарылды. Бүгінде белгілі бір препарат бағасын тұрақтандыру қорымен қалада қазір 5 дәріхана жұмыс істеуде. Шаруаға біртіндеп аудандық ауруханалар да қосылуда.

Шалыс естіген жоқсыздар. Парацетомолдың құны – 60 теңге. Арзан медикаментті қайдан таптыңыздар десеңіз, жауап – бағаны тұрақтандыру қорымен жұмыс істейтін дәріханалардан. Оны құру туралы шешімді облыстық әкімдік тамыз айында қабылдады. Мақсат – медикаменттер тапшылығын жойып, құнын едәуір төмендету. Алға қойылған міндет бүгінде орындалды.

Наталья Волкова, аптека басшысы:

– Мәселен, 400 мг болатын №20 Ибупрофенді алайық. Оның дәріханадағы құны 775 теңгені құрайды. Ал бағаны тұрақтандыру қоры арқылы 690 теңгеге алуға мүмкіндік бар. Тұрғындар үшін бұл өте тиімді деген ойдамыз. Әсіресе, қазір халық өз денсаулығына ұқыптылықпен қарайды. Егер вирус белгілері байқалса, бірден дәріханаға келіп, дәрі-дәрмек алады.

Жобаның операторы болып «NordFarmMarket» серіктестігі тағайындалды. Кәсіпорын “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан несие рәсімдеп, қажетті препараттарды сатып алды. Енді қаладағы 5 дәріханаға жеткізуде. Бағаны тұрақтандыру қорымен жұмыс істейтін нүктелерде мынадай қызғылт сары түстес парақ ілінген. Тізімнен құны төмендетілген вирусқа қарсы, антибактериалды және дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектерді табуға болады.

Мұрат Жәкенов – «NordFarmMarket» ЖШС директоры:

– Төмендетілген бағадағы дәрі-дәрмектерді ауылдық жерлерден де алуға болады. Препараттарды тұрақтандыру қорынан аудандық ауруханалар алып, сатылымға шығарады. Осылайша елді мекендер тұрғындары да қолжетімді медикаменттерді ала алады. Бұл іске аудандық жеке дәріханалардың да қатысуға мүмкіндіктері бар.

Құны төмендетілген дәрі-дәрмектерді көрген кейбір жандар қитұрқы әрекетке баруы мүмкін. Яғни, табыс табу үшін алып-сатарлықпен айналысу туралы ой туындауы да ғажап емес. Бірақ, мұндай пысықайларға тосқауыл қылу мақсатында бір тұрғынның қолына 5 қораптан көп дәрі берілмейді. Қордағы препараттар көлеміне тоқталайық. Ол кемінде 6 айға жетеді дейді жоба операторы. Бір ғана мысал – сол баяғы парацетамол. Препараттың бағаны тұрақтандыру қорында 7 тоннасы сақтаулы. Ал медикаменттер азайған сайын әлбетте жаңадан тапсырыс беріледі.

 

 

 

Эльмира Садвокасова