Спорт

Александр Винокуров өңірдің жас велошабандоздарымен кездесті

Көптен күткен кездесу. Олимпиада чемпионы Александр Винокуров өңірдің жас велошабандоздарымен кездесті. Қызықтырған сұрақтарына жауап беріп, чемпион болуды мақсат еткен жеткіншектерге кеңес берді. Сондай-ақ, 2002 жылы құрылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін аралап, өңірде велоспорттың даму қарқынына бағасын берді.

Бір емес бірнеше рет халықаралық жарыстарда еліміздің намысын абыроймен қорғап, көк туымызды желбіреткен. Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың есімі барлық қазақстандыққа жақсы таныс. Әсіресе теріскейліктер үшін атақты спортшының орны бөлек.

Бүгін жерлесіміз туған жерінде. Ол олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне барып, мұндағы тәрбиеленушілерімен кездесті. Қазір бұл жерде болашақ чемпиондар дайындалып жатыр.

Александр Винокуров – Олимпиада ойындарының чемпионы:

– Туған жеріме бір жылда бір рет келіп тұрамын. Дәстүр бойынша жас велошабондоздармен кездесіп, кәсіби кеңес беремін. Қуантарлығы, солтүстікте велоспорпен айналысамын дейтін жастардың саны жылдан-жылға артуда. Болашақта олар үлкен белестерді бағындырады деген сенімдемін. Ізбасарларыма сәттілік тілеймін.

Александр Галицкий – Олимпиада чемпионының ізбасары. 11 жасар жеткіншек Александр Винокуровты үлгі тұтады екен. Болашақта ағасы құсап атақты “Тур де Франс” велокөпкүндігіне қатысып, жеңімпаз атанғысы келеді. Екіншісі мақсаты – олимп шыңын бағындыру.

Александр Галицкий – велошабандоз:

– Әзірге айтарлықтай жетістіктерім жоқ. Бірақ, болашақта республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, үлкен белестерден көрінемін деп үміттенемін. Мен де Александр Винокуров, Алексей Луценко сияқты барлығына үлгі болғым келеді. Ол үшін әрине тынымсыз еңбек ету керек. Сол себепті бір де бір жаттығуды босатпаймын.

Жалпы, облысымызда велоспорт жақсы дамыған. Қазір 250-ге тарта жергілікті жас спорттың дәл осы түрімен айналысады. Олар үшін 5 бірдей кешен жұмыс істейді. Нысандардың 4-уі – облыс орталығында, ал 1-уі Бескөл ауылында орналасқан.

Ешкенова Дана