Құқық қорғау органдары

Айыртау ауданында бір үйір жылқы ұрланған

Барымташылық жасаған бақташы. Айыртау ауданының тұрғыны даладан бір үйір жылқыны айдап әкеткен. 7-уін мүшелеп сатқан, қалғанын өзі қарыз алған жандарға қайтарымы ретінде ұстатқан. Оқиғаның мән-жайы қазір анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Қараша айының соңында Айыртау ауданына қарасты Қаратал ауылының тұрғынына тиесілі жылқылар жайылымда жүрген. Кешкілік уақытта тұяқтылардың иесі жануардарды түгендеуге барыпты. Сонда 25 бастың жоқтығын аңғарған. Алғашында азамат жоғалған Қамбар ата төлдерін өзі ізтестіріпті. Таппаған соң, тәртіп сақшыларына жүгінген. Мамандар жедел іздестіру шарасына кіріседі. Нәтижесінде бұл іске 45 жастағы Сұлукөл ауылы тұрғының қатыстылығы анықталады. Көп ұзамай ол қолға түсіп, кінәсін мойындайды. Ер адам бір үйір жылқыны ұралап, бір бөлігін елордаға ет ретінде жөнелткен екен. Ал 18 тұяқтыны таныстарына сатып жіберген. Осылайша баукеспе қарыздарынан құтылыпты.

Бүгінде бұл іске қатысты аудандық полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Данияр Ғалиақпаров – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

– Аталған іске қатысты ҚР ҚК 188 бабы 1 тармағы 4-бөлігі “мал ұрлығы” бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Құрықталған күдіктіден миллион теңгеден астам ақша, сондай-ақ орман алқабынан ұрланған 7 жылқының терісі анықталды.

Жақында жергілікті полиция қызметкерлері “Барымташы” республикалық жедел-алдын алу іс-шарасын да қорытындылады. Рейд барысында мамандар бұрын жасалған 7 бірдей мал ұрлығы фактісін әшкереледі.

 

Ешкенова Дана