Ерiктiлер

СҚО-да 10 мыңға жуық волонтер бар

Жақында СҚО-да «Самұрық-2020» атты өңірлік жастар форумы өтті. Онлайн шара барысында үздік деген 20 волонтер анықталып, түрлі аталым бойынша марапатталды. Бағы жанған еріктілердің қатарында
Евгений Соловьев пен Бахыт Досжанов та бар. Жерлестеріміздің бірі із-түссіз жоғалған жандарды іздеуге ат салысса, екіншісі тұрақты түрде қан тапсырады.

Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің. Евгений Соловьёв бала кезінен белсенді. Ол мұқтаж адамға әр уақытта көмекке қолын созуға даяр.

Евгений Соловьёв – волонтер:

– Мен волонтерлікпен 12 жасымнан айналыса бастадым. Замандастарыммен бірге көмекке зәру адамдарға жәрдемдесеміз. Тәртіп сақшыларымен және құтқарушылармен бірге түсіндіру шараларын жүргіземіз. Адамдардың қуанышын көргенде ерекше сезімге ие боламын. “Батамен ел көгерер” дегендей ата-әжелердің алғысынан артық демеу жоқ.

Қазіргі күні Евгений – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша іздеу жасағының жетекшісі. Құрамға өңірден 250-ден аса ерікті кіреді, ал қалада олардың саны 180-ді құрайды. Волонтерлер адасып кеткен, із-түссіз жоғалған адамдарды іздеумен айналысады. Бүгінге дейін белсенді жастар көмекке мұқтаж 150-ге жуық жанға көмектесіп, жоғалған 5 адамды аман-есен үйіне жеткізген.

Евгений Соловьёв – волонтер:

– Бір адам жоғалып кетті деген хабар жетсе, еріктілер бірден іздеу жұмыстарына кіріседі. Күн-түн демей, ауа райының қолайсыздығына да қарамастан жер-жерді аралап кетеміз. Істі тәртіп сақшыларымен бірге атқарамыз. Қолымызға рация мен жарық шамын алып жоғалған адамды тапқанша далада жүреміз.

Ал Бахыт Досжанов – донор. 7 жылдан бері ерікті түрде қан тапсырып, халі мүшкіл науқастарды өлім аузынан арашалауға септесіп жүр. Жақсы донор бола беру де оңай шаруа емес дейді қайырымды жігіт. Ол үшін адам өз денсаулығына қатты мән беруі керек.

Бахыт Досжанов – волонтер-донор:

– Қан таза болу үшін адам дұрыс тамақтануы керек. Салауатты өмір салтын ұстанып, өзінің ұйқы режимін қадағалағаны жөн. Тіпті, суды да белгілі бір кесте бойынша ішу қажет. Сонда ғана сіздің қаныңыз басқа кісінің өмірін сақтап қалуға көп көмегін тигізеді.

Бахыт қасындағыларды да қайырымды іспен айналысуға үндейді. Мәселен, былтыр ол Дүниежүзілік донорлар күніне орай банкте жұмыс істейтін 15 әріптесімен бірге қан тапсыруға барған. Ал өзі болса бұл істі әр 3 ай сайын жасайды екен.

Бахыт Досжанов – волонтер-донор:

– Донор болу – өзара тиімді іс. Қан тапсырмас бұрын дәрігерлер оны тексереді. Осылайша мен басқа біреуге көмектесіп қана қоймай, денсаулығымның жағдайынан ұдайы хабардар болып отырамын. Донорлықтан бөлек, біз достарымызбен бірге балалар үйіне де көмектесіп тұрамыз.

Қазіргі күні облысымызда 10 мыңға жуық волонтер жұмыс істейді. Бәрі – әр саланың адамдары. Араларында студенттер, кәсіпкерлер мен өнер өкілдері бар. Олардың барлығын бір мақсат біріктіреді. Өз елі мен халқына деген жанашырлық. Естеріңізге салай кетейік, жақында онлайн формата «Самұрық-2020» атты өңірлік жастар форумы өткен болатын. Шара барысында үздік деген 20 волонтері түрлі түрлі аталым бойынша марапатталды. Олардың арасында Евгений мен Бахыт та бар. Жаны жайсаң жандарға диплом және ақшалай сыйақы – 50 мың теңгеден табысталды.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан