ТЖ

Петропавлда өрттен бір адам қаза тапты

Петропавлда өрттен 80 жастағы әйел адам қаза тапты. Марқұмның денесін ТЖД мамандары отты сөндіру кезінде тауып алған. Қайғылы оқиға кеше Жуков көшесіндегі үйлердің бірінде болды.

Бұл – Жуков көшесінің бойында орналасқан 9 қабатты үй. Кеше дәл осы баспананың 4-ші қабатында орналасқан пәтерлердің бірі отқа оранды. Қызыл жалын балконда бас көтерген. Кейін тұрғын жайдың ішіне тараған. Оқиға орнына құтқарушылар тез жеткенімен 80 жастағы әйел адамды құтқару мүмкін болмады. Кейуана ыстан уланып, көз жұмған. Алдын ала болжам бойынша тілсіз жау қауіпсіздік ережелерін сақтамағаннан шыққан. Төтенше жағдай кезінде нысаннан 35 адам эвакуацияланыпты.

Мұрат Қанғожинов – СҚО ТЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы:

 – Кеше Тайынша ауданында да өрт оқиғасы тіркелді. 2 ер адам гаражда автокөлік жөндеп жатқан. Сол кезде газ қоспасы тұтанған. От қас-қағым сәтте көлік қоятын орынға тарайды. Салдарынан 30 бен 40 жастағы азаматтар 1-ші және 2-ші дәрежедегі күйікпен ауруханаға жеткізілді.

Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 648 өрт оқиғасы болып, 44 адам қаза тапқан. Департамент өкілдері төтенше жағдайларды болдырмау үшін сақтық шараларына баса назар аудару қажеттігін тағы бір мәрте ескертеді. Брифинг барысында балықшылардың қауіпсіздігі жайлы да айтылды.

Мұрат Қанғожинов – СҚО ТЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы:

– Қарашаның 26-сы күні түнгі уақытта құтқарушыларға Есіл өзенінің Қызылжар ауданындағы бөлігінде адасқан азаматтан коңырау түсті. Ер адам жаяу балық аулауға шығып, мұз үстімен 15 шақырымдай ұзап кеткен. Нәтижесінде көлігін қойып кеткен жерді таба алмаған. Адасқан адамды таптық. Жағдайы жақсы, табылған кезде медициналық көмекке жүгінген жоқ.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңіріміздің су айдындарында 9 адам қаза тапқан. Олардың 1-уі – балықшы.

 

 

 

Ешкенова Дана