МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі қоғамдық қабылдау өткізді

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың  апта сайын өткізетін қоғамдық қабылдаулары жалғасуда. Бүгін өңір жетекшісі қашықтықтан  3 адаммен тілдесті. Тікелей байланыс барысында  тұрғындар аймақ басшысына таза ауыз су мәселесі мен отандық техниканы субсидиялау жөнінде сауалдарын қойды.

Аға буынға қамқорлық. Валерий Гладышев аймақ басшысына шағыммен немесе жеке сұрақпен емес, ұсыныспен жүгінді. Кәсіпкер облыс орталығында ауданы 24 соттық болатын “Мейірімділік үйін” салуға дайын екенін жеткізді. Егер мемлекет тарапынан рұқсат берілсе іскер жан барлық шығындарды өз қалтасынан шығаруды жоспарлап отыр.

Валерий Гладышев – кәсіпкер:

– Университет маңында менің жеке учаскем бар. Осы жайлы сізбен ақылдасу үшін жүздесіп отырмын. Мен сол жерде бірнеше қабатты «Мейірімділік үйін» тұрғызғым келеді.

Кәсіпкердің мұндай ұсынысына аймақ басшысы оң бағасын берді. Бірақ, Петропавл қарттар үйіне мұқтаж емес деді Құмар Ақсақалов. Айтуынша өңірде қарт адамдарға тұруға арналған орын жеткілікті.
Облыс әкімінің қоғамдық қабылдауына Юлия Чмеленко есімді азаматша да қосылды. 16 қараша күні оның кішкентай қызы елордада жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылуы керек еді. Кетер алдында отбасы коронавирусқа ПТР тест тапсырған. Ұзақ уақыт нәтиже келмеген соң отбасы Нұр-Сұлтан қаласына жол тартады. Уақыт өте келе анализ белгілі болады. Ата-ананың сынамалары теріс нәтиже көрсеткен, ал бала вирус жұқтырған екен.

Юлия Чмеленко – Смирново селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Елодалық ауруханаға барғанымызда бізге ем көрсетілмейді деді. Мамандар Петропавлдағы тесттің нәтижесіне қарап осындай шешім шығарды. Бірақ, сенімділік үшін Нұр-Сұлтан қаласында өз қаражатымызға тағы бір рет сынама тапсырдық. Оның нәтижесі бойынша отбасы мүшелерінің барлығы сау болып шықты. Бірақ, бас қаладағы мамандар оны қабылдамай бізді кері қайтарды.

Осы орайда нәзікжданды Петропавлда жасалатын сынамаларға қатысты өз шағымын білдірді. Бірақ, жергілікті денсаулық сақтау басқармасының өкілдері ПТР тестілеу түрлі күндері жасалған, сол себепті нәтижелері де әр түрлі болуы мүмкін дейді. Құмар Ақсақалов бұл мәселені жеке бақылауына алды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңір мамандары сізді әбігерге салғандары үшін кешірім сұраймын. Мұндай жағдайлар енді қайталанбауы тиіс. Осы мәселеге қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырамын.

Смирново ауылының тұрғынын ауыз су мәселесі де алаңдатады. Отбасы тіршілік көзін алу колонкадан алып отырыпты. Оны үйге кіргізу үшін жақында коммуналдық қызметкерлерлерден көмек сұраған екен. Мамандар көмек көрсетуге келісіпті. Бірақ, жағдайды одан әрі ушықтырып жіберген көрінеді.

Юлия Чмеленко – Смирново селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Мердігерлер жұмыс барысында құбырды зақымдап алды. Соның салдарынан айнала лай-батпаққа айналып кетті. 2 күн бойы үйден шыға алмай отырдық. Кейін коммуналдық қызметкерлер қазылған шұңқырды бітеп кетіп қалды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақсан облысының әкімі:

– Түскен шағымдар орынды. Өзім де ауылда тұрғанмын. Ашық құдықтан су алып ішудің қандай қиын екенін білемін. Қазір заман өзгерді. Осыған орай ауылдықтардың да жағдайлары жақсаруы тиіс. Сұрақ бақылауға алынады. Күн жылына салысымен тиісті шаруаны бастаймыз.

Облыс әкіміне “Авагро” серіктестігінің директоры Николай Ерохин базынасымен жүгінді. Кәсіпкер отандық ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялаудың мөлшерлемесі төмен екеніне шағымданды. Мәселен, “Қазақстанда жасалған” брендімен ұсынылатын бүріккіш техника – 14 млн теңгеден, ал шетелдік бүріккіш 136 млн теңгеден субсидияланады. Іскер жанның өтініші қабылданды. Осы мәселеге орай мамандар ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдапты. Келесі жылдың ақпан айында ведомство өкілдері ережеге түзетулер енгізеді екен.

 

 

Бердимурат Баймухан