Аптадағы маңызды жаңалықтар

Белгілі бір дәрі-дәрмектің құны төмендетілді

Вирусқа қарсы, антибактериалды және дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектердің құны төмендетілді. Бұл  Денсаулық сақтау министрлігі тапсырмасының аясында жүзеге асырылды. Енді өңірдегі тұрақтандыру қоры  тиісті препараттарды  арзан бағамен саудалайды. Бүгінде бағасы қолжетімді дәрі-дәрмекті қаладағы 5 дәріханадан алуға болады.

Коронавирус енді келгендегі дәріханалардағы қарбалас әркімнің есінде. Алдымен сөрелерден маска мен антисептиктер жоғалды. Кейін қарапайым препараттардың өзі жоқтың қасына айналды. Ақыры тапшылық спекуляцияға, медикаменттер бағасының өсуіне әкеп соқтырды. Біреулер дәрі-дәрмекке шынымен мұқтаж болса, енді бірі оны көп мөлшерде алып, құнын бірнеше еселеп сатуға кірісті. Қысқасы, жағдай бақылаудан шығып, фармацевтикаға қатысы бар кәсіпкерлерге әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмады.

Жұмабек Елеусізов – ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті СҚО департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Үстіміздегі жылдың шілдесінен мониторингілеу топтары жұмысын бастады. Содан дәріханаларды аралап, препараттардың бағасын тексердік. Құнын тым асырып жіберген кәсіпкерлер болды. Олармен сөйлесіп, түсіндіру шарасын жүргіздік.

Сондай-ақ, шілде айында Денсаулық сақтау министрлігі облыс әкімдіктерімен бірігіп дәрі-дәрмектің бағасы жөнінде тұрақтандыру қорын құру туралы шешім қабылдаған. Мамандар коронавирусты емдеуге қатысты протоколға сәйкес препараттар тізімін құрады.

Мұрат Жәкенов – «NordFarmMarket» ЖШС директоры:

– Мұндай дәрі-дәрмектің 28 аталымы бар. Біз, әзірге, 21-ін сатып алдық. Қалған 7-уін іздестіріп жатырмыз. Тізімде ересектер мен және балаларға қажет препараттардың барлығы қарастырылған. Бағалары 10 мен 25 пайыз аралығында төмендетілді. Яғни, басқасымен салыстырғанда әлдеқайда арзан.

Сатып алынған дәрі-дәрмектер бүгінде қала бойынша әзірге 5 нысанға жеткізілді. Дәріханалардың мекен-жайлары экранда көрсетілген. Айта кету қажет, көктем мен жаздағыдай дүрбелең туындамас үшін әр адамға белгілі бір дәрінің көп дегенде 5-ақ қорабы беріледі.

 

 

 

Эльмира Садвокасова