Спорт

“Bars” БК ел чемпионатының 2-ші турын 1-ші орынмен аяқтады

Жергілікті “Bars” баскетболшылары  ел чемпионатының 2-ші турын 1-ші орынмен аяқтады. Ойыншылардың ендігі мақсаты – қарқынға қарқын қосып, біріншіліктің соңында үздік үштіктен көріну. Спортшылар қазір дайындықты күшейткен. Келесі кезеңде жерлес баскетболшылар Алматы мен Шымкент қалаларының құрамаларымен кездеспек.

“Bars” баскетбол клубының ойыншылары күніне 2 рет жаттығады. Олар мына залға таңертең және кешкілік уақытта келіп, 2 жарым сағаттай тер төгеді. Құрама сапында 15 ойыншы бар. Барлығы – солтүстікқазақстандықтар. Яғни, командада бірде-бір легионер жоқ. Бұл – жергілікті ұжымның басқа құрамалардан басты ерекшелігі. Жаттықтырушы Михаил Дедовтың сөзінше, өзгеден гөрі өзіміздің жастарды жаттықтырып, таланттарын танытқан әлдеқайда дұрыс. Ал дарынды жігіттер жетерлік. Биыл 3 азаматты ұлттық лигадағы клубтар өз қатарларына шақырыпты. Айтпақшы, жақында жерлестеріміз ел чемпионатының 2-ші кезеңінен оралды. Нәтиже көңіл қуантады.

Михаил Дедов – “Bars” БК жаттықтырушысы:

– 2-ші кезеңде біздің команда 10 ойын өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Осылайша көш басына шықтық әрі құрамалық рекорд орнаттық. Жігіттердің ойынына көңілім толады. Шәкірттерім өнер көрсеткен мачтарды сарапшылар да жоғары бағалады. Бұл – біз үшін үлкен жетістік.

Сергей Дятлик – команданың шабуылшысы. Ол 15 жылдан бері баскетболмен айналысады. Жас спортшыны бір кездері үйірмеге ата-анасы әкеліпті. Содан бері жерлесіміз бұл ойыннан еш уақытта қол үзген емес. Сергей Щучинск қаласында өткен 2-ші кезеңде өзін жақсы қырынан көрсетіпті. Ол маңызды ойындарда жылдамдық, мергендік танытып, құрама қоржынына біраз ұпай салған екен.

Сергей Дятлик – “Bars” БК ойыншысы:

– Жоғары лигада осымен 7-ші маусым ойнап жатырмын. 3 жылдан бері “Bars” баскетбол клубының намысын қорғап келемін. Біз бірінші турда 6 жеңіске жеткен едік. Ал бұл жолы 10 рет жеңімпаз атандық. Алдағы уақытта осы қарқынды жоғалтпауымыз керек.

Құраманың басты мақсаты – үздік үштіктің қатарынан табылу. Келесі тур желтоқсанның 15-і мен 17-сі аралығында Щучинск қаласында өтеді.
Жалпы, біріншілік 6 кезеңнен тұрмақ.

Алдияр Айтпаев