Мәдениет

Қазақ театрының ұжымы жаңа спектакльге дайындық үстінде

Қазақ театрының ұжымы жаңа спектакльге дайындық жүргізіп жатыр. Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған қойылымды сахналауға өнер ордасының бұрынғы көркемдік жетекшісі Фархат Молдағали  Алматыдан арнайы шақыртылған екен. “Толық адам” деп аталатын спектакль көрермен назарына желтоқсанның 16-сында ұсынылмақ.

Спектакль ұлы ақын Абай Құнанбайұлының қара сөздерінің желісі негізінде қойылмақ. “Толық адам” деген атауды естіп, сценарий белгілі бір тұлғаның физикалық пішіні жайлы шығар деген ой да келуі мүмкін. Дегенмен, тақырып мүлдем ол жайында емес. Мұнда адами қасиеттердің барлығының бір жанның бойында үйлесім табуы жайлы сөз қозғалмақ. Ал қойылымдағы басты рөлді, яғни “Толық адамның” бейнесін сомдаушы – театрдың белді актері Асылхан Разиев.

Асылхан Разиев – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Біз неге жаңалық ашпаймыз? Шынымен, қазір ештеңе шығармаймыз. Біз малым аман болса болды деп отыра береміз. Иманға сеніп, бір күні Құдай береді деп отыра беруге де болмайды, әрекет ету керек дейді Толық адам.

Бұл қойылымда қазіргі таңдағы өзекті мәселелер көрсетілмек. Мұнда драма , трагедия, комедия да болады. Спектакльдің қоюшы-режиссері – Фархат Молдағали. Өнер ұжымының бұрынғы көркемдік жетекшісі осы қойылымды қоюға Алматыдан арнайы шақыртылыпты.

Фархат Молдағали – режиссер:

– Абайдың 175 жылдығына көптеген спектакльдер қойылып жатыр. Бірақ, біз бұл жолы Абайға басқа жолмен келуге тырыстық. Абай “Толық адам” дегенге аса мән берген. Соған қатысты өзінің үлкен философиясы бар. Қазір “Толық адамның” бейнесімен жұмыс атқарудамыз. Бұл жерге көрерменді шақырып, мораль оқымаймыз. Барлығы ашық түрде көрсетіледі.

“Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық”,- дейді Фархат Молдағали. Спектакль көрермен назарына желтоқсанның 16-сы ұсынылмақ. Оның онлайн форматта немесе дәстүрлі тәртіпте өтетіндігі әлі белгісіз.

 

Казиканова Алтынай