Ауа райы

Желтоқсан айына арналған ауа райы

Қалың тұман түседі, боран соғып, артынша көктайғаққа ұласады. Синоптиктер, келіп жеткен желтоқсан айы құбылмалы болады деп отыр. Өйткені, айдың басында күн аздап суытса, кейін жылынуы мүмкін.

Өңірде алдағы 3 күнде ауа температурасы күрт төмендемек. Түнде минус 21-26 градус, кей жерлерде 18-ді көрсетсе, ал күндіз минус 17 градусқа дейін жетпек.

Алтынай Қазиқан – тілші:

– Өзімізге жақсы мәлім, биыл қазақстандықтар Тәуелсіздік күнінде 4 күн демалады. Ал мейрамда ауа райы қандай болмақ? Қазгидромет өкілдерінің сөзінше, желтоқсанның 16-сы мен 19-ы аралығында сынап бағанасы күндіз минус 17 мен 22 градусты көрсетпек. Солтүстік үшін аса суық емес. Сонда да мерекеде үйде болған жөн. Неге десеңіздер, қазіргі таңдағы басты мақсат – індеттің таралуына жол бермеу.

Татьяна Марьина – «Қазгидромет» РМК СҚОФ инженер-синоптигі:

– Ал екінші онкүндіктің ортасында суықтың тағы бір легі күтіледі. Ауа температурасы түнде минус 17-22 мен -10-15-тің аралығында ауытқиды. Онкүндіктің екінші жартысында сынап бағанасы түнде -6-11, күндіз -5 градустың шамасында болады.

Айдың екінші жартысында қар жауып, кей жерлерде тұман түседі. Бұл құбылыс желтоқсанның соңына дейін жалғасуы мүмкін әрі айдың аяғына қарай боран соғуы ықтимал. Көктайғақ та қыр көрсетуі мүмкін.

Татьяна Марьина – «Қазгидромет» РМК СҚОФ инженер-синоптигі:

– Үшінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде -6 мен минус 20 градустың арасында ауытқиды. Күндіз басында 0 градус тұсында болып, кейін күрт салқындап, -15 градусқа дейін сырғиды. Бұл айда қар әдеттегіден көбірек жаумақ.

Сөз соңында – дәстүрлі тарихи сандар. Осыдан 61 жыл бұрын сынап бағанасы +4 градусқа дейін көтерілген екен. Ал ең аязды күн 76-шы жылы тіркеліпті. Ол кезде ауа температурасы -42-ге дейін төмендеген.

 

 

 

 

Казиканова Алтынай