Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тәжді вирус жұқтырған 26 науқастың жағдайы ауыр

Желтоқсанның 3-індегі статистикаға сәйкес 456 жерлесіміз инфекциялық стационарларда ем алып жатыр. 26 науқастың жағдайы ауыр деп бағалануда. Ал 2 мыңнан аса солтүстікқазақстандық коронавирус диагнозымен үйлерінде күресуде. Олардан ковид 19-дың симптомсыз немесе өте жеңіл түрі анықталған. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде айтылды.

65 млн-ға жуық адам. Бұл коронавирус бойынша әлемдік статистика. Пандемия басталғалы індеттен 1,5 млн-дай азамат көз жұмды. Ахуал әлі түзелер емес. Америка мен Еуропа елдерінде жағдай қайта ушығып жатыр. Мәселен, Италияда дертке шалдыққандардың саны сәуірдегідей – өте жоғары. Германия, Польша, Швеция, Австрия мен Словения да шектеу шараларын күшейтуге мәжбүр болды. Қазақстан да осы республикалардың қатарында.

Арман Күшбасов – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Пандемия басталғалы өңірдегі статистика 6713-ті құрайды. Соңғы тәулікте жаңа 97 жағдай тіркелді. Олардың дені, яғни 70-і – симптомсыз. Қалғандарында коронавирустың белгілері байқалады. Ағымдағы аптаның өткен 3 күнінде барлығы 314 жерлесіміздің бойынан ковид-19 табылды. Бұл өткен жұманың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 6 пайызға төмен.

Өңірдегі инфекциялық стационарларда тәжді вирусты жұқтырғандарға барлығы 1165 төсек-орын қарастырылған. Бүгінге дейін ол тек 32-ден 40 пайызға дейін толып келеді. Мамандардың сөзінше – жағдай бақылауда. Ауруханаларда дәл қазір 456 адам ем алып жатыр. Медициналық ұйымдар науқастарды қайта аяққа тұрғызуға қажет барлық препараттармен қамтылған. Дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ дейді өңірдің бас дәрігерінің орынбасары Нұрлан Айманов.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– 25 науқастың жағдайы ауыр, тағы бір адамның жағдайы өте нашар деп бағалануда. Оның ішінде 8 азаматты өкпені жасанды желдету аппаратына қостық. Оттегі концентраторына келер болсақ, ол ем алып жатқан барлық адамдардың тек 12 пайызына қажет. Айта кету керек, 5 аурухананың жанынан оттегі станциялары тұрғызылды. Қазір іске қосылуда.

Науқастардың 57-сі дертпен жуырда бой көтерген модульді инфекциялық ауруханада күресуде. Дәл осындай типтегі емдеу мекемелері Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында бой көтерген еді. Алайда, оңтүстік астанадағы медициналық ұйым айтқандай сапалы болмай шықты. Қазір нысанның жағдайына байланысты біраз шағым түсуде. Десе де, Петропавлдағы стационардың әңгімесі бөлек дейді мамандар.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Инфекциялық стационарды тұрғызбас бұрын біз облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасымен Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларына бардық. Шаһарларда алғаш болып тұрғызылған ауруханалардың жағдайымен таныстық, сонда еңбектенетін мамандармен сөйлестік. Бірнеше ақау табылды, оны мердігер компания өздері де анықтаған болатын. Біздегі емдеу мекемесі осы олқылықтарды ескере отыра салынды. Сондықтан, қақаған қыстың аяздарына шыдас береді деген нық сенімдеміз.

Ал 2 мыңнан аса жерлесіміз коронавирус диагнозымен ем-домды үйлерінде қабылдап жатыр. Бұл жандарда дерттің сипмтомсыз түрі табылған немесе өте жеңіл формасы анықталған. Яғни, олар өз баспаналарында оқшаулануда. Науқастарға ковид-19-бен күресте қажет 5 негізгі препарат тегін берілуде. Жақын байланыста болған азаматтар да карантинге жабылып, тексерістен өтеді. Ауруханаға алғашқы толқындағыдай тәжді вирусты жұқтырған тұрғындардың барлығы бірдей жатқызылмайды. Инфекциялық стационарда сатурациясы, яғни қанындағы оттегі мөлшері 93-тен аз, демікпесі бар, бірнеше күн бойы дене температурасы жоғары адамдар ем алады

 

 

 

Эльмира Садвокасова