Ерiктiлер

Медициналық еріктілер қарттарға көмек көрсетуде

Медициналық еріктілер – қосымша көмек қолы. Болашақ ақ халаттылар арнайы курстардан өтіп, жедел жәрдем қызметі мен инфекциялық аурухана мамандарына қолғабыс етуде. Сондай-ақ, қарттарды да өз қамқорлықтарына алып отыр.

Любовь Исакова 85 жаста. Аяқтары сыр бергендіктен жүріп-тұруы қиын. Жуырда қалып қабырғасын сындырып алыпты. Бұл зейнеткердің жағдайын одан бетер нашарлатқан. Содан жуырда еріктілерге жүгініп, ауланы қардан тазалатқызып алған екен. Ал бүгін кейуанаға медициналық волонтерлер келді. Олар қарттың денсаулығын тексеріп, аяқ буындарына массаж жасап берді.

Любовь Исакова – еңбек ардагері:

 – Соңғы жылдары денсаулығым сыр беріп жүр. Үйде ақырындап жүремін. Далаға шығудан қалдым. Қажет заттарымды немерелерім әкеп береді. Волонтерлер де келіп, көмектесіп кетеді. Жастарға ризамын.

Өңірде “Медициналық еріктілер” жобасы былтыр қолға алынған болатын. Бастаманың үйлестірушісі – Рүстем Арманов. Азамат 2 жыл бұрын жергілікті жоғары медициналық колледжді тәмамдаған. Мамандығы – фельдшер. Жас жігіт студенттік кезінен бастап еріктілікпен айналысады. Қазір волонтерлікті жұмысымен қатар алып жүр. Өзі 50-ден астам медициналық еріктіге жетекшілік етеді.

Рүстем Арманов – “Медициналық еріктілер” жобасының үйлестірушісі:

– Бүгінгі күні медициналық еріктілер жедел жәрдем станциясында, инфекциялық ауруханада жұмыс істейді. Волонтерлер науқастардың жағдайын қадағалайды. Сондай-ақ, дәрігерлер мен медбикелерге көмек көрсетеді.

Белсенді жандар қарттарды да ұмытпай, олардың қауіпсіздігін ойлап, денсаулықтарын тексеру үшін үнемі үйлеріне барып тұрады. Айта кетейік, “Медициналық еріктілер” жобасы аясында көмек көрсету үшін болашақ фельдшерлер мен медбикелер арнайы курстардан өтті.

 

Ешкенова Дана