МТРА жаңалықтары

Келесі жылы Петропавлда қос демалыс орны ашылады

Келесі жылы Петропавлда қос демалыс орны ашылады. Оның біреуі тарихи стильде әрленіп, ішінен арт-дәмхана ашылады. Ал екіншісі Брусиловский көшесінің бойында орналасқан. Мұнда алдағы уақытта фитнес зал, бассейн және супермаркеті бар сауда үйі қолданысқа беріледі.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің аумағында ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар ғимараттың айналасын мәдени орталыққа айналдырып, оны 3 зонаға бөлмекші. Алғашқысы қолөнершілерге арналған. Кез келген тұрғын осында келіп, шеберлердің жұмысымен таныса алады әрі оны сатып алуға да мүмкіндіктері бар.

Досбол Әбдірейісов – СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Бұл нысанға облыстық бюджеттен 82 млн теңге бөлінді. Халыққа арнап мәдени демалыс орнын әзірлемекшіміз. Мұнда ашық аспан астындағы көрме, кинозал мен арт-дәмхана орналасады. Дәмханада түрлі шығармашыл адамдар бас қоса алатын болады.

Жобаның ерекшелігі – оның дизайнында. Мақсат – тұрғындарды қалалық атмосферадан бір сәтке болсын алшақтатып, жан тыныштығын сыйлау. Яғни, бұл жер тарихи стильде әрленеді.

Гүлнара Мұқышева – СҚО музейлер бірлестігінің жетекшісі:

– Қалада ақындар, суретші мен әншілер секілді талантты адамдар көп. Өнерлі жерлестеріміз үшін шығармашылық аймағын жасаймыз. Жаз мезгілінде олар осында келіп, өздерінің өнерлерін көрсете алады. «Қызылжар арт-орталығы» қалалықтар үшін керемет демалыс орнына айналмақ.

Негізгі шаруалар желтоқсан айының 20-сына қарай тәмамдалмақ. Күн жылына салысымен мамандар музей маңын абаттандырып, наурыз айында халық игілігіне табыстайды.
Тағы бір жаңғырту жұмысы Брусиловский көшесінің бойында орналасқан көне ғимаратта жүргізіліп жатыр. Мына нысан 30 жыл бойы бос тұрыпты. Қазіргі күні жергілікті кәсіпкерлердің бірі оны қалыпқа келтіру үстінде. Іскер жан ғимараттың сұлбасын сол қалпында сақтап қалмақшы. Ол мұнда тарихи стильде жасалған мейрамхана болады дейді.

Юрий Семёнов – кәсіпкер:

– Бұл ғимаратта кезінде электр және Қазақстандағы ең алғашқы телефон станциясы болған. Сондай-ақ, мұнда кезінде кинотеатр, перзентхана мен сараптама орталығы жұмыс істеген.

Ал мынау – 1907 жылы тұрғызылған ғимарат. Оны кезінде Шамсутдинов деген көпес тұрғызыпты. 3 қабаттан тұратын суда орталығы халық арасында «Колизей» деп те аталған. Бір жылдары мұнда партиялық ұйымдар орналасқан екен, содан соң облыстық аурухана болған. Уақыт өте келе нысан жеке меншікке өтіп, 30 жылдай тұрақтап қалды. Тарихи нысанды 2017 жылы Андрей Исаков есімді кәсіпкер сатып алды. Қазір ол ғимаратты қайта қалыпқа келтіріп, үлкен сауда үйіне айналдырмақшы.

Андрей Исаков – «Семейный» сауда желісінің директоры:

– Мұнда аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын спортзал саламыз. Түрлі кеңселер, фитнес орталық, бассейн мен супермаркет болады.

Шаруа уақытылы атқарылып жатса нысанды келесі жылдың аяғында тапсырамыз дейді кәсіпкер. Бүгінге дейін оны жөндеуге 141 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Тек бір мәселе бар. Ғимараттың алдында жол жоқ. Андрей Исаков билік өкілдері Театр көшесіне дейін асфальт төсеп берсе дейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз келесі жылдың бюджетінен осы көшеге жол саламыз. Халық еш кедергісіз жүріп-тұру қажет. Сізбен бұл туралы 2 жыл бұрын сөйлестік. Өзіңіз білесіз, бұрын осы маңайда қоқыс шашылып жататын. Жақсы бастаманы қолға алдыңыз. Ісіңізге сәттілік тілеймін!

Бұдан соң облыс әкімі Потанин көшесіне ат басын бұрды. Ерекше сәулетімен көзге түсетін қаланың кіреберісінде биыл кең көлемді жұмыс атқарылды. Аймақ басшысының тапсырмасымен көше бойына жас желектер отырғызылды, суағарлар салынып, баспаналардың сырты тарихи стильде әрленді. Істің дені жергілікті кәсіпкерлердің қаржысына атқарылды. Жасалған шаруаға қала тұрғындары дән риза.

Владимир Сорокин – қала тұрғыны:

– Мен осында 30 жылдан бері тұрамын. Бізде бұрын-соңды мұндай өзгеріс болған емес. Балалар алаңқайлары салынып, көше жарықтандырылды. Мамандар баспанамыздың сыртын қаптап, оның қоршауын түгел жаңартып берді. Өз қалтамыздан ақша шығарған жоқпыз, барлығын тегін істеді. Осындай жобаны қолға алған жандарға алғысым шексіз.

Жалпы, бір жылдың ішінде Потанин көшесіндегі 100-ге жуық тұрғын үйдің сырты жөнделген. Қазіргі күні барлық шаруа аяқталды.

 

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан