МТРА жаңалықтары

Әр мемлекеттік орган жемқорлықпен күрес жөнінде жоспар әзірлеуі тиіс

Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Әр мемлекеттік орган бармақ басты, көз қыстылықпен күреске белсенді ат салысуы қажет. Осы орайда жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың алдын алу жөнінде өз жобасын әзірлеуі керек.

Елімізде 2019 жылдың желтоқсанында жемқорлықпен күрес жөнінде жаңа заңнамалық норма қабылданды. Құжатта қарамағындағы қызметкер жемқорлық жасаса, мемлекеттік орган басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылады делінген.

Аталған қағида күшіне енгелі бері біздің өңірде 4 атқамінер жаза арқалаған.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Сондай-ақ, бірінші басшылар жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын әлсіз жүргізетін болса, тәртіптік жауапкершілкке тартылатындығы жазылған. Ел бойынша 10 айда тиісті жұмысты сылбыр атқарған 32 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Біздің облысымызда аталған бап негізінде жазаланғандар жоқ. Бірақ, 2021 жылдың 1-ші тоқсанының қорытындысы бойынша біз сіздердің жергілікті жерде жүргізіп жатқан жұмыстарыңызды қарап, оған баға беретін боламыз.

Қоғам дертімен күреске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып кіріспесе болмайды. Ведомство өкілдері оған әр азамат өз үлесін қосуы міндетті дейді. Осыған орай, барлық мемлекеттік орган бармақ басты, көз қыстылықтың алдын алу жөніндегі өз жоспарларын әзірлеп, бекітулері тиіс. Сондай-ақ, оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті департаменті мақұлдауы қажет.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Біз кешенді түрде үлгілік жоспардың жобасын жасадық. Ол мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге жолданады. Сіздер өз тараптарыңыздан құжатты келісімге 20-шы желтоқсанға дейін жолдауларыңыз қажет.

Осылайша әр жоспармен таныса отыра мамандар мемлекеттік органдарда атқарылып жатқан шаруаларды тексеретін болады. Егер тиісті іс жөнді тындырылмаса, жауапты шенеуніктер келер жылдың соңында жауапқа тартылуы мүмкін.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан