Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда келесі жылы “CLAAS” маркалы 300-ге жуық техника шығарылмақ

Комбайн, трактор және себу кешені. Келесі жылы Петропавлда “CLAAS” маркалы техника шығарыла бастайды. Қазір зауыттың құрылысы қызу жүріп жатыр. Жоспарланған жұмыстың әзірге 75 пайызы тындырылыпты.

Бұл – немістік “CLAAS” компаниясына тиесілі комбайн құрастыратын болашақ зауыттың қазіргі көрінісі. Мұндағы құрылыс жұмыстары тамыз айында басталған болатын. Алдымен 35 жыл бойы қолданыста болмаған ғимарат сараптамадан өткізілді, кейін барып қалыпқа келтіру ісі қолға алынды. Бүгінде шаруа тәмамдалуға жақын. Жаздан бері шатыр ауыстырылды, бағаналары бекітілді. Жақында қабырғалар жаңадан көтеріліп, терезелер орнатылды. Қазір зауыт ішінде ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Оған жергілікті құрылыс компаниясы жауапты.

Мұрат Харсиев – “Құрылыс Сервис СК” ЖШС құрылтайшысы:

– Ғимараттың құрылыс аумағы 5 мың 800 шаршы метрді құрайды. Нысанға барлық коммуникациялар тартылған. Алдағы уақытта орталық су мен жылу желісі өткізілетін болады. Қазір мұнда 40-қа жуық адам еңбек етуде. Шаруа 75%-ға тындырылды.

Зауыт германиялық стандартқа сай салынып жатыр. Құрылыстың әрбір кезеңін немістік мамандар қатаң бақылауда. Құрылыс аяқталғаннан кейін шетелдіктер заманауи өндіріс ошағына қажетті қондырғыларды әкелмек. Жалпы, ірі зауытты іске қосу үшін ел қазынасынан 3 млрд теңге бағытталған екен.

Мұрат Харсиев – “Құрылыс Сервис СК” ЖШС құрылтайшысы:

– Бұған дейін пандемияға байланысты кей кезде құрылысқа қажетті материалдар сәл кеш жеткізіліп тұрды. Дегенмен, шаруа кестеге сай жүріп жатыр. Зауыт жылына 300-ге тарта техника шығаруды жоспарлап отыр. Мұнда 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Одан бөлек жергілікті әкімдік нысанға қарай 1 шақырымнан астам темір жол тартуды көздеп отыр.

Жалпы, өндіріс ошағының құрылысы 2021 жылдың мамырында аяқталуы тиіс. Келесі орақ науқанында өңір диқандары СҚ-да құрастырылған комбайндарды тізгіндемек.

 

 

 

Бисенова Жанна