Көлік және жолдар

Облыстық маңызы бар 3 жол дұрыс жөнделмеген

Облыстық маңызы бар 3 бірдей жол дұрыс жөнделмеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті, “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесі мен Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдерінен құралған мониторингілік топ осындай байлам жасады.

Мамандар өткен аптада аудандарды аралап, жөндеуден кейін қабылданғалы жатқан жолдарға тексеріс жүргізген болатын. 800 млн теңге жұмсалған «Покровка-Корнеевка-Горное» бағытындағы 21 шақырым жолда жарық пайда болған. Ал «Еленовка-Арықбалық-Чистополье-Есіл” бағытындағы асфальттың үстіңгі қабаты жылжып кетіпті. Мердігер бұған ауыр жүк көліктерін кінәлап отыр. Айыртау ауданындағы Каменный Брод ауылының маңында да олқылыққа жол берілген. Куәгерлердің сөзінше бұл жерде жұмысшылар минус 15 градуста жол төсеген көрінеді. Оларға, тіпті, жауып тұрған қар да кедергі келтірмеген сыңайлы. Жол жөндеу ісіндегі жаға ұстатарлық жайттар тізілді. Кемшін кеткен тұстардың түзелуі – «Сапалы жол» жобалық кеңсесінің жіті бақылауында болады.

 

 

Казиканова Алтынай