Білім

Назарбаев Зияткерлік мектебіне құжат қабылдау бастау алды

Назарбаев Зияткерлік мектебіне құжат қабылдау бастау алды. Комиссия қаңтардың 23-іне дейін жұмыс істейтін болады. Кейін оқушылар арасында емтихан ұйымдастырылады. Бұл үрдістердің барлығына айтарлықтай өзгеріс енгізіліп отыр. Мәселен, енді жаратылыстану пәнінен де сынақ тапсыру қажет, бірақ ол бойынша ұпай есепке алынбайды.

Әділ Амангелді – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Маған Назарбаев Зияткерлік мектебі көп мүмкіндік берді. Менің дебатқа деген махаббатымды оятты. Мен талай республикалық турнирде бас жүлде алып, “үздік спикер” атандым.

Бұл – тек басы ғана дейді 11-ші сынып студенті. Әділ Амангелдінің алдағы уақытқа қойған мақсаттары да аз емес. Болашақта жасөспірім еліміздегі  Назарбаев не болмаса Еуропадағы озық университеттердің бірінде оқуын жалғастыруды жоспарлап отыр. Ол үшін өз мектебінде қажетті тәжірибе, дағды мен білімді молынан алуда. Назарбаев Зияткерлік мектебіне Әділ 2016 жылы түсіп, жүздеген ұл-қыздың арасынан суырылып шықты.

Әділ Амангелді – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Математика пәнінен, 3 тілден және логика, кеңістік ойлау, критикалық ойлау тестерін тапсырып, өттім. Қиындықтар аса болған жоқ. Мені ағам дайындады. Ол – Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі. Ол сынақта қандай тапсырмалар болатынын көрсетіп, түсіндірді.

Жыл сайын мектепке түсуге өңіріміздің 500-ден аса ұл-қыз ниет білдіреді екен. Олар алдымен құжаттарын жинап, кейін сынақ тапсырады. Биыл қабылдау комиссиясының жұмысы жұмысы желтоқсанның 2-сі мен қаңтардың 23-іне аралығында жүзеге асырылмақ. Бірақ, пандемияға байланысты бірқатар өзгеріс енгізілді.

Данияр Уәлиев – Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

– Өтініш жазып, сауалнама толтырады. Өзі оқитын мектептен оқу үлгерімі туралы құжат керек. Сондай-ақ, туу туралы куәлік. Биылғы ерекшелік – “086у” анықтамасын талап етпейміз. Оны тек оқу орнына түсіп жатқан жағдайда тапсырады.

Құжаттарды тапсыру үшін міндетті түрде мектепке келу керек. Бұл ретте онлайн кезекті броньдап қана қабылдау комиссиясына өтуге болады. Ол үшін Назарбаев Зияткерлік мектебінің сайтына кіру қажет. Маңызды жайт елдімекендіктерге қатысты. Қала карантинде болғандықтан, село тұрғындарына кіруге рұқсат жоқ. Сондықтан, құжаттарды нотариус арқылы рәсімдеп, беріп жіберуге болады дейді мамандар. Кейін оқушылар білімдерін дәлелдеп, сынақ тапсырулары қажет.

Данияр Уәлиев – Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

– Биыл емтиханға жаратылыстану пәні енгізілді. Ол апробациядан өткізілуде. Сәйкесінше ұпай саны нәтижеге еш әсер етпейді. Ол тек келесі жылдан есепке алынады.

Емтиханның форматымен танысуға арналған алдын ала сынама тест 2021-де ұйымдастырылмайды. Себеп – сол баяғы шектеу шаралары. Десе де оқушыларға әзірліктерін пысықтап, есеп пен сұрақтардың үлгісін шолып шығуға мүмкіндік бар. Мектептің сайтында биыл емтиханда болған барлық тапсырмалар салынған.

Эльмира Садвокасова