Білім

Колледждер “Жас маман” жобасы аясында жабдықталуда

“Жас маман” жобасы болашақ маман иелері білім алып жүрген оқу орындарын озық техникамен жабдықтауға мүмкіндік беріп отыр. Биыл 1 млрд 200 млн теңге бағытталып, қаладағы 4 колледж құрал-жабдықтарын жаңартып алды. Ал келесі жылы аудандардағы оқу орындарына 1 жарым млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілмек.

Бұл – М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің 3D модельдеу зертханасы. Биыл кабинет соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталды. Мұнда 20-дан астам ноутбук бар, үлкен LED-экран да орнатылған. 3 бірдей 3D принтер, 2 3D сканер де жұмыс істеп тұр. Заманауи техниканың мүмкіндігін студенттер кеңінен пайдалануда.

Алтынай Жанбекова – М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжі директорының орынбасары:

– Бұл кабинеттің ерекшелігі: колледжде есептеуіш техника және ақпараттық жүйелер мамандығында оқитын студенттер білікті маман болып шығады. Сондай-ақ, 3D модельдеудің негіздерін біліп қана қоймай, олар қалай жасалады, қалай баспаға шығарылады, дайын объектіні қалай алуға болатынына үйренеді. 101план Осылайша IT нарығында білікті мамандарды даярлап шығарамыз.

Мына 3D принтер MakerBot Replicator Z18 деп аталатын. Өзгелеріне қарағанда көлемді. Яғни ауқымды келген дүниені басып шығара алады. Заманауи техниканың мүмкіндігін пайдалану үшін ең алдымен он 215 градусқа дейін қыздырып алу керек. Әрі қарай іс автоматты түрде тындырылады.

3 принтердің де жұмыс процесі бір-біріне ұқсайды. Бұған да 3D форматында басып шығару үшін түрлі түсті пластик сұйықтық құйылады.

М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжіне биыл 100 жыл толды. Бір ғасырлық тарихы бар білім ордасы заман талабына сай жан-жақты даму үстінде. Үстіміздегі жылы “Жас маман” жобасы аясында колледжге 320 млн теңгенің оқу жабдығы сатып алынған. Соның арқасында 3D модельдеу зертханасынан бөлек, соңғы үлгідегі мультимедиялық кабинеттер де ашылған. Робототехника, Монтессори бөлмелерінің де таспасы қиылды.

Ерлік Жанділдин – М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің директоры:

– 9 кабинет күрделі жөндеуден өтті. Олардың барлығына LED-экрандар және ноутбуктер сатып алынды. Сондай-ақ, полиграфиялық кабинетіміз де пайда болды. Бұның барлығы студенттер үшін жасалып отыр.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде былтыр “Жас маман” жобасы қолға алынған болатын. Үстіміздегі жылы Петропавлда аталған бағдарлама аясында 4 бірдей колледж соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен қамтылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджетттен 1 млрд 200 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Зәуреш Тобылбаева – СҚО білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы:

– Биыл “Жас маман” бағдарламасы аясында М. Жұмабаев атындағы жоғары колледжі, Құрылыс және экономика, Кәсіби-педагогикалық және Машина жасау колледждері тың жабдықтармен қамтылды. Жаңа технологиялардың арқасында студенттер жаңа мүмкіндіктерге ие болды. Теориялық білімдерін тәжірибемен ұштап, “WorldSkills” халықаралық байқауында үздіктер қатарынан көрінуге серпін береді.

“Жас маман” жобасы аясында қаржы келесі жылы аудандарда орналасқан 5 колледжге бағытталмақ. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 1 жарым млрд теңге қарастырылып отыр.

 

 

 

Ешкенова Дана