Спорт

Өңір тайбоксшылары ел біріншілігінде топ жарды

6 алтын, 3 күміс пен 4 қола. Жақында Шымкент қаласында тай бокстан өткен ел біріншілігінде жергілікті спортшылар топ жарды. Дүбірлі додадан 14 жерлесіміздің 13-і жетістікпен оралды.

13 жасар Дмитрий Комар тай боксымен 7 жыл айналысады. Бүгінге дейін жеткіншек бірқатар сайысқа қатысып, үздіктер қатарынан көрініп үлгеріпті. Соңғы додада да Дмитрийдің жолы болды. Ол Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында 42 келіде қарсылас шақ келтірмеді. Жарыста спортшы 2 жергілікті және 1 алматылық баланы жеңіпті.

Дмитрий Комар – чемпионат жеңімпазы:

– Мен финалда алматылық баламен күш сынастым. Ол – тай боксынан әлем чемпионы, сондықтан сәл қобалжыдым. Дегенмен, шаршы алаңда бар күшімді салып, жеңіске жете алдым. Тек бәсекеден соң аяғым ауыра бастады. Дәрігерлердің көмегіне жүгінгеннен кейін, 1 бақайымының сыңғаны анықталды. Қазір гипспен жүрмін.

Ел біріншілігінде өңір намысын жалпы 14 жерлесіміз қорғады. Оның екеуі – қыз бала. 11 жасар Камила Табулова облыс құрамасының ең жас спортшысы екен. Ол тай боксына 1 жарым жыл бұрын ғана ден қойыпты. Бұрын көркем гимнастикамен айналысқан жеткіншек, қазір өмірін
шаршы алаңдағы бәсекелерсіз елестете алмайды. Камила ел біріншігіне алғаш рет қатысып отырғанына қарамастан, жеңіс тұғырының 1-ші сатысына көтеріле алды.

Камила Табулова – чемпионат жеңімпазы:

– Мен Түркістан облысының қызымен жекпе-жекке шықтым. Қарсыласымды нокаутқа жібердім. Бәсеке алдында еш қобалжыған жоқпын. Өзіме сенімді болдым. Өңір намысын қорғағасын, маған артқан жауапкершілікті сезіндім, үмітті ақтауға тырыстым.

Ұл-қыздар додаға 2 жұмадай әзірлік жүргізіпті. Алдымен олар физикалық тұрғыда шыныққан. Одан кейін тактикалық дайындыққа басымдық беріпті. Төккен тер өз жемісін берді. 14 жерлесіміздің 13-і жоғары нәтиже көрсетті. Қоржында 6 – алтын, 3 – күміс пен 4 қола медаль бар.

Иван Ван-Хон-Тун – СҚО бойынша тай бокстан аға-жаттықтырушысы:

– Сайыс нәтижесі бойынша біздің облыс жалпы командалық есепте 4-ші орынды қанағат тұтты. Үздік үштік қатарында – Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалалары. Айта кеткен жөн, додаға 16 аймақ қатысты. Біз жақсы нәтиже көрсеттік деп есептеймін.

Өңір мақтаныштары Петропавлға бүгін оралған екен. Оларды ата-аналары мен достары теміржол вокзалынан қарсы алыпты.

Айта кетейік, ел біріншілігіне жалпы 300-ге жуық жас қатысыпты.

 

 

 

Бисенова Жанна