МТРА жаңалықтары

Облыстық әкімдік отырысында инвестиция тарту жайы қаузалды

Үстіміздегі жылдағы қиындықтарға қарамастан арта қалған 11 айда облысымызға 200 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Аталған сомА былтырғы көрсеткіштен 20 пайызға көп. Бұл жайлы облыстық әкімдік отырысында айтылды. Алқалы жиында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов шенеуніктерге  өлкемізге құйылатын қаржы көлемін одан әрі арттыруды және бизнесмендерге қолдау көрсетуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ, Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвес­тиция тарту ауадай қажет.

Қазақтан халқына арнаған биылғы Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Бүгінде Президент пәрмені топырағы құнарлы, шөбі шүйгін аққайыңдар өлкесінде жоғары деңгейде орындалып жатыр деп ауыз толтырып айта аламыз. Көрсеткіш көңіл көншітеді. Оны кезекті әкімдік отырысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов тілге тиек етті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде тартылған инвестиция көлемі 202 млрд теңгеден асып жығылады. Бұл былтырғы көрсеткіштен 20 пайызға көп. Жекелей айтсақ, жеке инвестиция – 8,4, ал сыртқы 42% ұлғайды.

Құмар Ақсақаловтың сөзінше, қазіргі алмалы-төкпелі қаржы тарту оңай шаруа емес. Бүгінде әлемде әр қалталы азаматқа талас жүріп жатыр. Атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде аймағымызға таңдау жасағандар аз емес. Оған сомасы аса қомақты түріктік, қытайлық жобалар дәлел. Енді cыртқы емес, жеке инвестиция құю мәселесіне келейік. Алдымен ойға оралатыны – ауыл шаруашылығы. Сөз кезегі облыс әкімінің бірінші орынбасары – Марат Тасмағанбетовте.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Аққайың ауданында “Иван Зенченко” серіктестігі 1 600 басқа арналған кезекті кешеннің құрылыс аяқтады. Нысан соңғы үлгідегі сауу құрылғысымен жабдықталған. Жұмыс цифрлы форматта жүргізіледі. Бүгінде кешенге 480 симментал тұқымды ірі қара әкелінді. Олар Германиядан жеткізілді.

Қуанышымызға орай, мұндай жобалар өңірімізде жетіп жатыр. Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Айыртау, Есіл, Қызылжар, Ақжар, Тайынша және Уәлиханов. Марат Тасмағанбетовтың баяндамасында аталған аудандар жиі айтылды. Жоспарға да көңіл толады. Жергілікті дихандардың бастамасымен келесі жылы солтүстікте 5 мың бас малды қамтитын 10 жаңа сүт-тауарлық кешен ашылмақ. Оларға 300 адам еңбекпен қамтылатын болады. Әкімдік отырысында облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек те баяндама жасады. Ол өндіріс саласында тындырылған істі баян етті. Былтыр біздің өңірде «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы пайда болып, биыл дамудың даңғыл жолына түскені мәлім. Қазір аумақта 3 бірдей ауқымды жоба жүзеге асып жатыр. Теріскейде бұдан бөлек те бастамалар қолға алынды. Атқарылған шаруаның арқасында өлкеміз инвестиция тарту бойынша республикадағы көшбасшы аймақтардың қатарына қосылды.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Үстіміздегі жылдың 10 айы ішінде облысымызға 200 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл – былтырғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 20 пайызға көп. Оның ішінде сырттан қаржы құю көлемі 40 процентке ұлғайған.

Айта кету қажет, өндіріс саласында жүзеге асырылған инвестициялық жобалардың арқасында қаламызда қаңырап бос тұрған бірқатар нысанға жан бітті. Осының арқасында жүздеген жерлесіміз жұмыс тапты, Қызылжардың ажары одан әрі ашыла түсті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 3 жылдан бері облысымызда бос тұрған нысандар мен инвесторлар арасында ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Қорытындысына келейік: өңірімізде жалпы ауданы 300 мың шаршы метрге жақын ғимарат қаңырап тұрыпты. Бүгінде оның 109-ының тамырына қайта қан жүгірген. Жақын арада тағы 92 мың шаршы метрде өндіріс бастау алмақ.

Жиында Құмар Ақсақалов қазіргі таңда 100 шаршы метр аумақ бос тұр, оларда өндірісті жандандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр деді. Ендігі жоспар – қаламызда мультибрендтік автосалон және дайын дәрі-дәрмек препараттарын шығаратын зауыт ашу. Алғашқысында заманауи темір тұлпардың 9 бірдей түрі сатылымда болмақ. Екіншісін ресейлік бизнесмендер қаржыландырмақ. Бөлінетін қаржы 15 млрд теңгені құрайды. Дәурен Жандарбек баяндамасында бұдан бөлек те бастамаларға тоқталды. Жалпы, алдағы 5 жыл ішінде аймақта 50-ге тарта ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл Президент тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. Естеріңізге сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында өндіріс көлемін 1,5 есеге арттыруды жүктеген болатын. Иван Турков та сөз алды. Облыс әкімінің орынбасары құрылыс саласына инвестиция тарту жайына тоқталды. Ал шаһар басшысы Болат Жұмабеков Петропавлдағы ілкімді істерді тізіп өтті.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Құрылыс жұмыстары 3 шағын ауданда жүріп жатыр. Олар: Береке, Жас өркен, Орталық шағын аудан. Бүгінде құрылыс жұмыстары 40 алаңда жүріп жатыр. 320 жер үй сүрілді. Тұрғындардың 92 пайызы өтемақы ретінде пәтер таңдады.

2016 жылмен салыстырар болсақ, құрылыс алаңдарының саны шамамен 3 есеге артыпты. Биыл еңкіш тартқан жер үйлерді сүру жұмыстары жалғасады. Жыл соңына дейін тағы 117 баспананың орны босайды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Болат Жұмабековке сан мен қатар, сапаға да мән беру қажет деді. Әрі жергілікті билік өкілдеріне инвесторларға қолдау көрсету қажеттігін алға тартты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің облысымызда трансформатор зауыты салынып жатыр. Оның иесі Қазақстан бойынша 4 зауыт ашты. Қазіргі таңда бұл азамат болашақ өндіріс орнының қызметкерлері үшін тұрғын үй салмақшы. Бізде осындай жандар көп болуы тиіс. Әрі біз жауапкершілігі жоғары мұндай адамдарға қолдау көрсету қажетпіз.

 

 

Култанов Байболат