МТРА жаңалықтары

Өңірде кірпіш зауыты іске қосылады

2021 жылдың мамырында өңірде кірпіш зауыты іске қосылады. Өндіріс ошағы Қызылжар ауданына қарасты Подгорное селосының маңында бой көтеруде. Кәсіпорынды салып, қажетті қондырғылармен қамтуға 1 жарым млрд теңге инвестиция құйылған. Жоба жүзеге асырылғаннан кейін жылына 27 млн дана кірпіш шығару көзделіп отыр. Жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен аймақ басшысы Құмар Ақсақалов танысты.

Ольга Склярова ата-анасымен 2 бөлмелі пәтерде тұрады. Бірақ, отбасы жыл сайынғы қауырт маусымға 100 мың теңге көлемінде ақша жұмсап келген екен. Себебі, көпқабатты үй сонау 90-шы жылдары орталықтандырылған жылыту жүйесінен ағытылған. Не істерін білмей абдырап қалған жанұя пеш орнатуға мәжбүр болыпты. Осылайша, барлық коммуникациялар тартылған пәтер бір мезетте қарапайым жер үйге айналды. Содан бері қара отын алып, оны сақтау, үйге кіргізу зейнеткерлер үшін әжептәуір машақат.

Ольга Склярова, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– 2019-дың желтоқсанында жылыту жүйесіне қосылдық. Тоңып қаламыз ба деп қатты қорқып едік. Бірақ, қыс бойы үйдің ішіндегі температура +28-ден түскен жоқ. Өзгерістерге өте ризамыз. Бар қиындық артта қалды. Қазір қыстың қамын ойлап уайымдамаймыз.

Үшқабатты баспанада барлығы 18 пәтер бар. Тұрғындар Бескөлдегі орталық қазандыққа алғашқылардың бірі болып қосылыпты. Бұрындары 100-120 мыңды көмірге жұмсаса, былтыр бұл ақшаға жылыту жүйесіне қосылған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мен де 90-шы жылдары аудандағы екіқабатты үйде тұрдым. Жылыту жүйесінен ажыратылғанда, бізге де пеш орнатуға тура келді. Бұған қараудың өзі қиын еді. Сондықтан, өткен жылдан бастап өңірдегі баспаналарды қазандықтарға қосу жұмысын бастадық.

Бескөлдегі қазандық 2017 жылы тұрғызылып, алдымен барлық әлеуметтік маңызы бар нысандар қосылған. Ал былтырдан бері көпқабатты баспаналарға да жылу таратыла бастады. Бүгінде дейін ауылдағы 56 үйдің тұрғындары өзгерістердің игілігін көріп отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 53 үйді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосамыз деп жоспарлаған едік. Бүгінде 57 баспананы қостық. Мұнда 2 мыңнан аса адам тұрады. Шаруа келесі жылы да жалғасын табады.

Үлкен назар жаңа баспаналарды салуға да бөлініп жатыр. Бірақ, өңірдегі құрылыс саласында айтарлықтай проблема бар. Цемент, қиыршық тас пен кірпіш сынды аса қажет материалдар СҚ-да шығарылмайды. Соңғысын мамандар Екібастұз бен Көкшетау қалаларынан жеткізеді екен. Тиіп тұрған жер болмағандықтан, логистикаға біраз қаржы жұмсалады. Мәселенің бір жақ шеті алдағы уақытта шешілмек. Қызылжар ауданына қарасты Подгорное селосында кірпіш зауыты тұрғызылуда.

Гарик Бернецян – «Кирпич СК» ЖШС директоры:

– Кірпішті жергілікті жердің балшығынан жасаймыз. Карьер зауыттан 500 метр қашықтықта орналасқан. Сапасы өте жақсы. Зертханаға сынамасын апарып тексердік. Барлық параметрлерге сәйкес келеді. Балшықтан көпқабатты үйлерді салуға қажет кірпіш жасауға болады.

Жобаны іске асыруға 1,5 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Кәсіпорынды тұрғызуға мамандар қыркүйек айында кіріскен. Құрылысқа қажет материалдар мен болашақ өндіріске керек пеш пен қондырғы атаулының барлығы бүгінде сатып алынған. Нысан 2021-дің мамырында қолданысқа тапсырылып, кірпіштің алғашқы легі шығаратын болады. Жалпы зауыттың жылдық қуаттылығы 27 млн дананы құрамақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өткен жылы келіссөздерді бастап, кәсіпкерді көндірдік. СПК арқылы қолдау көрсетілді. Себебі, жобаның өңір үшін маңызы зор. Өңір бойынша құрылысқа арналған кірпіш қажеттілігі 67 млн дананы құрайды. Жергілікті зауыт сұраныстың шамамен 40 пайызын қанағаттандырмақ. Бізге құрылыс материалдарын барынша өз облысымызда шығару керек.

Келесі кезеңде блок, сыр, темір сынды материалдардың өндірісін қолға алатын боламыз дейді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов. Осылайша жаңа жұмыс орындары пайда болып, құрылысқа жұмсалатын шығын көлемі едәуір азаймақ. Сәйкесінше, бағасы күйіп тұрған баспаналардың құны да төмендейді.

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова