Ауыл шаруашылығы

Биыл өңірде 5 сүт-тауарлы кешен жұмысын бастайды

Биыл облысымызда салынып жатқан 10 сүт-тауарлы кешеннің 5-уі жұмысын бастайды. Мұнда 3 мыңнан астам ірі қара өсірілетін болады. Сондай-ақ, мал басын көбейту мақсатында шаруалар шетелден 2 мыңнан астам асыл тұқымды мүйізді әкелмекші екен.

Облысымызда сүт шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінде өңірде 18 заманауи кешен жұмыс жасап тұр. Олардың 7-уі 2018 бен 19-шы жылдары іске қосылды. Осылайша шаруалар соңғы 10 айдың ішінде 540 мың тонна ақ өндіріпті.

Болат Қабдулин – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

– Биылдан бастап аймақта 10 сүт-тауарлы кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта бұл орындардағы қара малдың саны 6 мыңды құрамақ. Ағымдағы жылы 5 нысан жұмысын бастайды. Сондай-ақ, мал санын өсіру мақсатында Ресей мен басқа мемлекеттерден 2 мыңнан астам асыл тұқымды сиыр әкелеміз. Олар – симментал мен қазақтың ақбас сиырлары.

Шаруашылықты дамытып, істі тез атқару үшін тегеурінді техника да қажет. Биыл өңірлік аграрийлер құны 48,5 млрд теңге болатын су жаңа өндіріс құралдарын сатып алған. Аграрлық аймақ болған соң диқандар көбінесе астық жинау комбайндары мен тракторларға басымдық береді екен.

Болат Қабдулин – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

– Биыл өңірдің машина-тракторлы паркі 1901 техникамен толықты. Олар -көбінесе «Есіл», «Акрос», «ДжонДир», «КЛААС» маркалы комбайндар мен тракторлар. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға көп. Жаңа машиналарды сатып алуға құйылған инвестицияның көлемі де былтырға қарағанда 36 пайызға ұлғайды.

Жалпы, бүгінде өңірімізде 100 мыңнан аса ауыл шаруашылығы техникасы бар.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан