МТРА жаңалықтары

Ауылына қарап азаматын таны

Ауылына қарап азаматын таны. Тимирязев ауданына қарасты Дружба елді мекені жыл өткен сайын дамып келеді. Бұған жергілікті кәсіпкерлердің қосып жатқан үлесі мол. Өткен аптада ғана аталған ауылда 2 нысанның таспасы қиылды. Іскер жандар медициналық қосын мен шағын үлгідегі Бәйтерек монументін ашты.

Марқаш Малқарова – зейнеткер. Қан қысымын күнде өлшетіп тұрады. Күнде медициналық қосынға баруы керек. Тиісті ем-дом қабылдап, дәрігерлердің кеңесін алу егде жастағы адамға ауадай қажет. Бұрын мұндай орын басқа ғимаратта орналасқан. Жыл өте келе ол ескіріп, жарамсыз бола бастады. Қарттарды қазынамыз деп білетін халықпыз ғой. Марқаш апай секілді жандар Дружба ауылында көп болғасын, биыл жергілікті кәсіпкерлер елді мекенде жаңа нысан тұрғызып, ішін соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықтаған екен.

Марқаш Малқарова – Дружба ауылының тұрғыны, Тимирязев ауданы:

– Ауырамыз, қысымымыз бар. Сондықтан, осындай медициналық пункт керек. Мұнда жұмыс істейтін қыздар жақсы. Қашан келсек те жылы қарсы алады. Ауруымызды тексеріп, емдеп береді.

Жаңа нысанның құрылысына 16 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Игі істі Николай Усенков есімді азамат жасаған екен. Бүгінде мұнда 3 маман қызмет етіп жатыр.

Ал мынау – ауылдағы мектеп. Мұнда биыл робототехника сыныбы жұмысын бастады. Жаңа орнда 3 пен 4-ші сыныптың оқушылары білім алады. Балалар өте зерек. Жас болса да робот құрастыру, компьютерде оған арнап бағдарлама жазудың қыр-сырын жақсы меңгеріп алыпты.

Евгений Корнейченко – Интернационал орта мектебінің оқушысы, Тимирязев ауданы:

– Робот жүріп келе жатқанда жарық түсірсеңіз, ол тоқтап қалады. Бұл команданы мен жаңа ғана жаздым. Осылайша оны басқа да қызметтерге қосуға болады. Арманым – болшақта инженер болу.

Оқушылардың IT бағытта білім алуларына жағдай жасалған. Сыныпта осы секілді роботтардың 3 түрі бар екен. Ал оларды қимылдатып, әр түрлі іс-әрекет жасататын бағдарламаны балалар өзіміздің өңірде жиналатын, яғни «ЗИК» маркалы компьютерлердің көмегімен жүзеге асырады. Бүгін роботтардың қатары тағы бір үлгімен толықты. Жергілікті іскер жан мектепке құны 200 мың теңгеден асатын құрылғыны сыйға тартты.

Ауылдағы ағайынға тағы бір сый. Бүгін Мәдениет үйінің дәл алдында шағын үлгідегі Бәйтерек монументі ашылды. Енді елді мекен тұрғындары мен келген қонақтарға бейбітшілік символының алды естелік суретке түсу үшін керемет орынға айналмақ.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан