БілімБалалар

100 үздік студент қатарына 7 жерлестеріміз ілікті

7 солтүстікқазақстандық студент үздіктердің қатарына енді. 7-еуі де облыс орталығында оқиды. Жуырда ел көлемінде “100 үздік студент” байқауы өткен болатын. Дауыс беру онлайн жүрді. Марапаттау рәсімі жергілікті құрылыс- экономикалық колледжінде өтті.

Дмитрий Заватский үздіктер қатарынан табылды. Ол – жеңіл атлет. Спорт жағын біліммен бірге қатар алып жүрген жастың оқу үлгерімі де жақсы. Волонтерлыққа да жан қалауымен қосылған. Табандылығының арқасында ол үлкен мүмкіндікке ие болды. “Жеңіс” спорт мектебінің басшылығы болашақ бапкерді өздерінде еңбек етуге шақырды. 4-ші курс студентінің қуанышында шек жоқ.

Дмитрий Заватский – СҚ кәсіби-педагогикалық колледжінің студенті:

– Жобаны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. 100 үздік студент қатарына ену үшін табандылық, қайсарлық, өз жұмысыңа деген сүйіспеншілік қажет. Қуанышымда шек жоқ. Жұмысқа тұруға мүмкіндік беретін жолдамаға ие болып отырмын.

“100 үздік студент” жобасына белсенді өмір салтын ұстанатын, оқуы үлгілі, спортшы, ерікті жастар қатыса алады. Бұл – олар үшін жақсы тәжірибе, жаңа мүмкіндік. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша бүгінде қазақстандық жастарға зор қолдау көрсетілуде. Студенттердің терең білім алып, алған теорияны тәжірибеде сынап, кейін жұмыспен қамтылуы үшін бірқатар іс атқарылып жатыр.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Бүгінде бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Олар – ақысыз техникалық кәсіптік білім беру жобалары, “Дипломмен ауылға” және “Серпін”. Бұның барлығы жастар үшін жасалып жатыр.

“100 үздік студент” жобасы дәстүрге айналған. Былтыр өңірімізден 2 студент үздік атанса, биыл 7 жас ерекшеленіп отыр.

 

 

 

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев