1-ші желтоқсаннан бастап қоғамдық көліктің жол ақысын қолма-қол ақшадан бөлек, электронды карта арқылы да төлеуге болады. Жаңа әдіс әзірше, 27, 16, 26М және 6-шы бағыттардағы автобустарға енгізілмек. Төлемді жақында ғана шаһарға әкелінген 50 су жаңа терминал қабылдамақ.
Бүгін алматылық “ALEMPAY” компаниясының өкілдері жолаушы тасымалымен айналысатын серіктестік өкілдеріне тың дүниені қалай орнатып, қалай қолдану керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Ақыны арнайы картамен өтеу үшін оны заманауи құралға жақындату керек. Ескерер жайт, әрбір адам өзіне ғана төлем жасай алады. Яғни, бұл – бір картамен тек өзіңіз үшін ақша аудара аласыз деген сөз. Ересектерге – 80, ұл-қыздарға 40 теңге бекітілген. Жолақысы өзгеріссіз қалып отыр. Ал картаның құны 500 теңгені құрайды. Картаны жол жүру билетін сататын орындардан сұрастыруға болады. Шаһар бойынша олардың саны төртеу.
Дмитрий Ким – “ALEMPAY” ЖШС жобалық менеджері:
– Жаңа сатып алынған картаны іске қосу үшін SMS арқылы 2505 нөміріне картаның артқы жағындағы кодты жазып жіберу керек. Сонымен қатар, картада қолдану ережелері қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Жолақыны жол жүру билетімен және банк картасымен де өтеуге болады.
Бисенова Жанна