Құрылыс

Петропавлда 3 жылдың ішінде 1 мың жер үй сүрілді

Еңкіш тартқан үйлердің орнына – су жаңа мектеп, емхана, спорт сарайы мен саябақ! Петропавлда реновация жобасы  жалғасуда. 3 жылдың ішінде ұсқынсыз, ескі 1 мыңнан аса баспана бұзылған. Оның 321-інің учаскесі биыл босатылыпты. Желтоқсан айының соңына дейінгі жоспар – тағы 117 нысанды сүру.

Өңірдегі реновация жобасы осыдан 3 жыл бұрын Жас өркеннен бастау алды. 2017-ге дейін қала қонақтарын келбеті ажар қашыратын, қаз қатар тізілген ескі үйлер қарсы алатын. Бүгінде олардың орнын сәулетті ғимараттар басты. Спорт және Оқушылар сарайлары, теннис корты бой көтеріп, көпқабатты баспаналар тұрғызылды. Ауқымды шаруа әлі де жалғасуда. Жоспар – барлық жер үйлерді сүріп, учаскені барынша тиімді пайдалану. Мәселен, 5-6 еңкіш тартқан нысанды бұзып, аймаққа 100 шақты пәтері бар баспананы салуға болады. Осылайша, талай отбасы жаңа қонысқа ие болады.

Ерлан Әубәкіров – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сектор меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– Уәлиханов көшесі мен Жас өркенде көпқабатты тұрғын үйлер салынады. Уәлиханов көшесінде жаңадан жылу құбыры салынып жатыр.

Жобаның тиімділігі талай рет айтылды. Қаламыз ықшам, оның аумағын созудың да қажеті жоқ. Жаңа жерге инженерлік коммуникацияларды тарту қыруар қаржыны талап етеді. Дұрысы – ескі үйлерді сүріп, сол учаскені пайдалану. Жас өркендегі шаруа жемісін бере бастағаннан кейін жергілікті әкімдік шаһардың өзге бөліктерінің де келбетін қолға алды. Бүгінде Қапай, Зайсан мен Береке ықшам аудандарында жұмыс жүріп жатыр. Соңғысындағы өзгерістер ауыз толтырып айтарлықтай. Қазір мұнда көпқабатты баспаналардан бөлек, бір мезетте 250 адамды қабылдайтын қауқарлығы бар емхана салынуда. Әрі қаңтар айынан бастап тұрғындар бос уақыттарын жүгіру жолақтары, амфитеатр және спорт алаңдарымен қамтылған паркте өткізе алады. Құрылыс жұмыстары бұзылған үйлердің орнында жүргізілуде. Олардың 17-сі биыл сүріліпті. Ал иелеріне тиісті өтемақы берілген.

Ерлан Әубәкіров – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сектор меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– Үйлерді сүру бойынша жұмыс 2 бағытта жүзеге асырылады. Арнайы мамандар үйдің бағасын белгілейді. Иесі онымен келісер болса, ақша төленеді. Келіспесе, баспананың шаршы метріне сәйкес пәтер беріледі.

Реновация жобасы басталғалы шаһарда 1 мыңнан аса үй сүрілді. Сәйкесінше, осынша отбасы жаңа пәтер кілтіне қол жеткізді. Оның 321-і биыл бұзылды. Желтоқсан айының соңына дейінгі жоспар – тағы 117 баспананың учаскесін босату. Ал келесі жылғы көрсеткіш 330-ды құрамақ.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова