Білім

“Педагогикалық дуэт” облыстық байқауы мәресіне жетті

“Педагогикалық дуэт” облыстық байқауы өз мәресіне жетті. 3 кезеңнен тұратын сайыс / бір ай көлемінде өтті. Нәтижесінде, 1-ші орынды Айыртау ауданының мұғалімдері жеңіп алды. Қатысушылар мен жеңімпаздарға диплом және сертификаттар табыс етілді.

Сөзке келіп қалу, түсініспеушілік, төбелес. Мектеп оқушылары арасында кей жағдайда осындай мәселелер туындап қалуы мүмкін. Көбісі туындаған түйткілді шешу үшін ата-анасын шақырады. Міне, осы сәтте әке-шеше мен мұғалімнің арасында мәселені шешудің келесі бір кезеңі пайда болады. Көп жағдайда жиналыс өткізу әдісі қолданылады. Баланың жүрегіне ғана жол таппай, ата-анамен де салиқалы сұхбат жүргізіп, бір мәмілеге келу – педагогтың біліктілігі мен тәжірибесіне байланысты. Осы турасындағы білген-түйгенін “Педагогикалық дуэт” облыстық байқауының қатысушылары онлайн режимде көрсетулері керек болды.

Педагогикалық жұптарға сөз сөйлеуге 7 минуттан берілді. Олардың реттілігі кездейсоқ сандар генераторының көмегімен анықталды. Соңғы кезеңге 83 жұптың 10-ы ғана өткен. Дені – қалалық мектептердің мұғалімдері.

Шәрбан Таймулина, “Білім” бастауыш партия ұйымының төрайымы:

– Конкурсқа 7-ші мәрте қазы ретінде қатысудамын. Айтқым келгені, қатысушылар ұйымдастырылып жатқан әр кезеңге жақсы дайындалған. Бәріне көңіл аударылған.

“Өрлеу” орталығы мамандарының айтуынша мұндай сайыстар мұғалімдердің біліктілігін арттыруға септеседі.

Әмина Тайланова, «Өрлеу» БАҰО» АҚ СҚО бойынша ПҚ БАИ зертхана меңгерушісі:

– Байқау филиалда осымен 7-ші жыл өткізілуде. Конкурсқа қатысуға 5 жылға дейінгі жұмыс өтілі бар жалпы білім беретін мектептердің, кәсіби ұйымдардың, қосымша білім беру ұйымдарының жас мамандары мен педагог-тәлімгерлері шақырылған еді.

Сонымен, “Педагогикалық дуэт” байқауында айыртаулық мұғалімдер топ жарды.

Алдияр Айтпаев