МТРА жаңалықтары

Белсенді жастар дала құстарын қоректендіруде

Қақаған қыста құстарға азық табу қиын. Осыны ескерген қаланың белсенді жастары қанаттыларды қоректендіруде. Бүгін “Бердвотчер” клубының мүшелері орталық саябаққа келіп, тұмсықтыларға жем берді.

Бүгін дала суық. Аяз сезіледі. Бірақ, бұл жанашыр жастардың далаға шығып, құстарға көмек көрсетулеріне кедергі емес. Жасөспірімдер өздері тоңып тұрса да өңірде қыстайтын бозшымшық, шымшық, көгершін, сауысқан мен қарға сынды құстардың қамын ойлап жүр. Себебі, қанаттылар дұрыс қоректенбесе, өліп қалулары мүмкін.

Михаил Калашников – “Бердвотчер” клубының жетекшісі:

– Бізде құстардың қыстап шығуы үшін сапалы азық керек. Мәселен, нан беруге болмайды. Оны құстың асқазаны қорыта алмайды.

Тіпті, қуырылған және тұзды шекілдеуік те қанаттылар үшін зиянды екен. Есесіне құстар арпа мен бидайды құмарлана жейді. Қанаттыларға азық берем десеңіз оны жем салатын арнайы үйшігіне салған жөн.

Данияр Досжанов – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің биология пәні мұғалімі:

– Мұндай үйшіктерді кез келген адам жасай алады. Мәселен, пластик бөтелкені де ыңғайлап пішіндеуге болады. Үшкір тұстары болса, оны тегістеп жіберу керек. Әйтпесе, қанаттылар жарақат алуы мүмкін.

Биыл “Бердвотчер” клубының өкілдері қала бойынша 50-ге жуық азық орны әзірлеген. Оның өзін апта сайын жемге толтырып отырады. Айта кетейік, қысқы уақытта қала аумағын 20-дан астап құс мекен етеді.

 

Бисенова Жанна