МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

Аудандарға 20 реанимобиль жөнелтіледі

Төрт дөңгелекті жан сақтау бөлімі. Облыстық жедел жәрдем қызметі тағы 20 реанимобильмен толықты. Темір тұлпарлардың ерекшелігі сол – машина алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажет барлық құрылғылармен қамтылған. Атап айтар болсақ, мұнда ИВЛ аппараты, оттегі концентраторы мен пульсоксиметр де бар. Халықаралық стандарттарға жауап беретін жедел жәрдем көліктері өңірдің 13 ауданына жөнелтілмек.

Әлемдік талапқа сай әрі жылдам. Қаз-қатар тізілген реанимобильдерді ақ халаттылар осылайша сипаттайды. Владимир Жужгов жедел жәрдемде 9 жыл бойы еңбектеніп келеді. Дәрігер бригадасымен бірге осыған дейін газельді мінген екен. Техника әбден ескірген әрі қажетті құрылғылармен қамтамасыз етілуін су жаңа реанимобильдермен салыстыруға да келмейді дейді маман.

Владимир Жужгов – облыстық жедел медициналық көмек орталығының дәрігері:

– Мұндағы негізгі қондырғылардың бірі – ИВЛ аппараты. Өкпені желдету құрылғысын салмағы 500 грамм болатын балаларға да қосуға болады. Ал мына монитордан науқастың жағдайын бақылап отыруға мүмкіндік бар. Азаматтың қан қысымын, ЭКГ, пульсоксиметрия мен термометрия көрсеткіштері экранға шығарылады. Көлік жүрек жұмысын жақсартуға арналған дефибриллятормен де қамтылған. Ол – портативті. Яғни, дәрігерлер оп-оңай өздерімен алып жүре алады.

Оттегі концентраторы, қосымша көлемі 20 л болатын оттегі балоны мен реанимотолог шабаданы да бар мұнда. Қысқасы – жағдайы тығырыққа тірелген науқасқа алғашқы көмекті жоғары деңгейде көрсетуге қажеттінің барлығымен қамтылған. Темір тұлпардың келесі артықшылығы – көлемінде. Машина биік әрі кең. Бұл еш кедергісіз, қиындықсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Заманауи 20 реанимобиль алдағы уақытта өңір аудандарына жөнелтілмек.

Асхат Өтебаев – облыстық жедел медициналық көмек орталығының бас дәрігері:

– СҚО-да автокөлік паркі 65 пайызға дейін ескірген еді. Қыркүйекте 18 реанимобиль келді. Бүгін тағы 20. Осыған дейін реанимобильдер тек облыс орталығында болды.

Осылайша, реанимобильдер ауылдағы ағайынға ауруханаға дейін көрсетілетін көмек сапасын арттыруға септеспек. Жедел жәрдем көліктеріне облыс әкімі Құмар Ақсақалов жоғары бағасын берді. Сондай-ақ, аймақ басшысы өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға да тоқтатылды. Қарашаның 9-ы өңір карантинге жабылып, шектеу шаралары күшейтілген еді. Шаруа өз нәтижесін берді. Соңғы 10 күндегі көрсеткіш қуантарлық.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 10 күнде жағдайы ауыр науқастардың саны өскен жоқ. ИВЛ аппараттары мен оттегі концентраторын қажет ететін науқастардың да саны артқан жоқ. Коронавирусқа шалдыққан жандардың саны артуда. Бірақ, бұл – сапалы эпидталдау жасағанның нәтижесі.

Бастысы – оң көрсеткішті сақтап қалу. Егер жағдайы ауыр науқастардың саны артпаса, карантин де жеңілдетілуі мүмкін.

 

 

 

Эльмира Садвокасова