МТРА жаңалықтарыБалалар

“Мен – чемпион Pro” жобасының балалар спортын дамытудағы үлесі

Бұқаралық спортты дамытып, дене шынықтырумен айналысуға балалар мен жасөспірімдерді көптеп тарту қажет. Өз Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма жүктеген болатын. Міндетті жүзеге асыруға “Мен – чемпион” телевизиялық ойыны сүбелі үлесін қосып келеді. Салауатты өмір салтын насихаттап, бокс, күрес, жеңіл атлетика сынды спорт түрлерімен шұғылдануға шақыратын жобалардың қатарына жуырда “Мен – чемпион Pro” бағдарламасы қосылды.

Жылдам, жүйрік және епті. Мықтылардың сайысына айналған «Мен – чемпион» телевизиялық бағдарламасына биыл – 20 жыл. Өңірлік деңгейдегі жарыс ретінде басталған жобаны бүгінде бүкіл республика біледі. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі мектеп оқушылары додаға қатысуды армандайды. Жыл бойы командаларымен дайындалып, іріктеуді асыға күтеді.

Евгений Сазанов – «Мен – чемпион» балалар спорттық қозғалысын дамытуға жәрдемдесу қайырымдылық қорының директоры, «Мен – чемпион Pro» телевизиялық жобасының бас продюсері:

– Соңғы 5 жыл көлемінде бағдарлама «Хабар» арнасынан көрсетіліп келеді. Жобаның рейтингісі өте жоғары. Спорттық ойын ел бойынша 500 мыңнан аса оқушыны қамтуда. Яғни, осынша ұл-қыз сайысқа дайындалып, бақтарын сынайды. Өкінішке қарай, коронавирустық инфекцияны ауыздықтау мақсатында қабылданған карантиндік шараларға байланысты біз биыл кезекті маусымды эфирге әзірлей алмадық.

Алайда, пандемия аяқталғаннан кейін жоба міндетті түрде жалғасын табады. «Мен – чемпион» қозғалысы балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға сүбелі үлесін қосуда. Балаларды дене шынықтырумен айналысуға көптеп тартуды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында айтқан болатын.

Тастанбек Есентаев – ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының директоры:

– Бірінші кезеңі мектептерде өткізіледі. Кейін аудандарда, облыстарда ұйымдастырылады. Ал финал «Хабар» арнасынан көрсетіледі. Келесі жылы жобаға 1 млн-нан аса оқушыны қатыстырамыз деген ойдамыз.

Жаңа маусым басталғанша көрермендердің жүрегін жаулап, әр сенбі-жексенбі сайын қуантатын басқа жоба қолға алынды.

Өткен демалыс күндері «Хабар» арнасында «Мен – чемпион Pro» бағдарламасы жарыққа шықты. Жоба спортпен кәсіби түрде айналысатын 15 жасқа дейінгі қазақстандықтарға арналған. Әр шығарылымда олимпиада мен әлем біріншіліктерінің болашақ жеңімпаздары туралы баяндалады.

Евгений Сазанов – «Мен-чемпион» балалар спорттық қозғалысын дамытуға жәрдемдесу қайырымдылық қорының директоры, «Мен – чемпион Pro» телевизиялық жобасының бас продюсері:

– Бағдарламаның әр шығарылымы – жетістікке жету жолындағы тарих. Мұнда жүргізушілер жас спортшылармен бір күн өткізеді, отбасылармен, спорттық тәлімгерлерімен танысады. Жобаны бар-жоғы екі ай ішінде дайындадық. Осы аралықта еліміздің 4 қаласын аралап, 16 кейіпкер туралы хабар әзірледік. Көгілдір экранға жол тартып еді, бірден көрерменнің оң бағасына ие болды.

Бүгінде жоба авторларына қоңыраулар толассыз түсуде. Қазақстанның жер-жерінен ата-аналар, жаттықтырушылар хабарласуда. Себебі, әр қала, әр аудан мен ауылда өз жеңімпаздары бар. Яғни, “Мен – чемпион Pro” бағдарламасы 16 шығарылыммен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта көрермендер назарына жеңіл атлетика, бокс, күрес сынды өзге де кәсіби спортта талай жеңіске жетіп жүрген жасөспірімдер жайлы айтылатын болады.

 

Эльмира Садвокасова