МТРА жаңалықтары

Халықты жұмыспен қамту – басты назарда

Жұмыспен қамту орталығы арқылы биыл облысымызда 17 мыңға жуық адам тұрақты еңбек көзін тапқан. Оған қоса, 500-ге жуық жерлесіміз қысқа мерзімді курстарға қатысып, бірқатар кәсіп түрін меңгерген, өзі ісін бастауға мемлекет тарапынан грант иеленген. Бұның барлығы “Еңбек” бағдарламасының аясында жүзеге асырылды.

Қала тұрғыны Сергей Колесник 2 жыл бұрын Ресейдің Краснояр қаласында теміржол институтын тәмамдаған. Диплом алысымен бірден туған жеріне қайтып келіпті. Көп ұзамай ауыр машина жасау зауытына орналасады. Бірнеше жыл бойы қатардағы конструктор болып қызмет еткен екен. Кейін 3 ай көлемінде біліктілікті арттыру курстарына қатысыпп, қазір алған білімі мен дағдыларының жемісін көруде.

Сергей Колесник – “ПАМЖЗ” АҚ жетекші инженері:

– Курстардың арқасында мен қатардағы конструктордан жетекші инженерге дейін көтерілдім. Жалақым да біраз өсті. Оқу барысында тар бейінді білім беруден бөлек, топпен қалай жұмыс істеу керектігін де үйретті. Бұның жетекшілік қызметтегі жандар үшін маңызы зор.

Биыл Сергеймен бірге зауытта 90-нан астам маман біліктілігін арттырған. Мұндай ігілікке “Еңбек” бағдарламасы аясында қол жетіп отыр. Аталған жоба негізінде тәжірибесі бар мамандардан бөлек, оқу орнын жаңа бітірген түлектер де екі қолға бір күрек таба алады. Мәселен, қазір зауытта “Алғашқы жұмыс орны” жобасы арқылы 17 адам еңбек етеді. Солардың бірі – Анна Пережигина. Жергілікті теміржол колледжін бітірген жас 3 ай бойы жұмыс таба алмапты. Жұмыспен қамту орталығына жүгінген екен қызмет орны бірден табыла кеткен.

Анна Пережигина – “ПАМЖЗ” АҚ инженері:

– Мен мұнда жүк көтергіш механизмдерге жауап беремін. Оқыған мамандығым бойынша қызмет етіп жүргесін жұмыс барысына тез үйреніп кеттім. Зауытта істеп жүргеніме 3 ай болды. Қызмет орнын ауыстыру туралы ой туындаған жоқ, мұнда барлығы көңілден шығады.

Ал дипломда белгіленген мамандықтан өзгесін меңгергісі келетіндерге қандай мүмкіндік бар? Ол да мәселе емес. Неге десеңіз, “Еңбек” бағдарламасы аясында бірқатар кәсіптің қыр-сырын үйренуге болады. Жәмилә Мұстафина – педагог. Алайда, бірнеше жыл бойы еңбек етпепті. Жұмыспен қамту орталығына келгенде мұндағылар арнайы курстардан өтуді ұсынған. Сөйтіп, 3 айдың ішінде тігін тігудің қыр-сырын танып шығады. Әрі тегін білім алып қана қоймай, ай сайын 22 мың теңге көлемінде шәкіртақы алып отырған.

Жәмилә Мұстафина – тігінші:

– Бұрын өзім үшін бірдеңе тіксем де кәсіби маман ретінде танылған жоқпын. Курстардың арқасында білімімді одан әрі толықтырдым. Қазір тапсырысқа киім-кешек пен көрпе тігемін. Тағы бір қуантарлық жайт, жуырда 500 мың теңгеден астам соманың грантын иелендім. Ол ақшаға кәсіпке қажет жабдық сатып алдым.

Биыл 200-ден астам петропавлдық қысқа мерзімді курстарға қатысып, тігінші, дәнекерлеуші, аспаз және кондитер сынды кәсіп түрлерін меңгерді. Әрқайсысына тиісті сертификат табысталған. Тіпті, өз ісін ашам десе, мемлекеттік грант алуға өтініш білдіруге де мүмкіндіктері бар.

Жанар Нұркебаева – қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы:

– Мемлекеттік грант 200 АЕК көрсеткіш көлемінде беріледі. Ол – 555 600 теңге. Айта кеткен жөн, бұл – қайтарымсыз мемлекеттік грант. Яғни, өз ісін ашам деушілер үшін “Еңбек” бағдарламасы бойынша жеке кәсіппен айналысуға мүмкіндік бар. Жұмыссыз жүрген және өз істерін ашқылары келетін жандар біздің көмегімізге жүгіне алады.

Жалпы, биыл 300-ден астам петропавлдыққа өз ісін бастауға “Еңбек” бағдарламасының аясында 169 млн теңге бағытталған.

Бисенова Жанна