Аптадағы маңызды жаңалықтар

Автобус жолаушылары мен табыс 2 есеге азайған

Автобус жолаушыларының саны мен әдеттегі табыс  2 есеге азайған. Әр рейс қалтаға ақша емЕс, тек шығын әкеледі дейді қоғамдық көлік жүргізушілері.

– Сынуға жақын автобустармен жүреміз. Жаңалау машиналарды адамдар аз жүретін бағыттарға тықпалайды. Консервіленген банкада келе жатқандай сезінесің өзінді. Сондағы бар ойым – жұмысқа бүгін жетем бе әлде орта жолда қалам ба?

 – Сіздер алдымен автобустарды жаңартыңыздар, жаңа технологияларды кейін енгізерсіздер. Әйтпесе, мыналарды көлік деп айтуға келмейді.

 – Халық аз жүреді деп шағымданып, маршруттарды азайтасыздар. Бұлай жалғасатын болса, жолаушылар мүлдем болмайды! Мен аузы-мұрны толған, ескі автобусқа мініп, сол үшін ақша төлегенше, жаяу жүргенім артық.

Қала тұрғындарының көлік жүргізушілеріне өкпесі қара қазандай. Машиналар ескі, орта жолда сынып қалуы мүмкін дейді біреулері. 80 теңгені жаңа, жайлы автобус үшін төлегіміз келеді дейді екіншілері. Көлік тізгініндегі азаматтар темір тұлпарларын ауыстырудан кет әрі емес. Бірақ, бұл қомақты қаражатты талап етеді. Жүргізушілер болса, ақшаны күреп тауып жатқан жоқ. Олардың да өз шындығы, өз айтары бар.

2020 жыл сәуір. Қалада алғаш рет қатаң карантин жарияланды. Кәсіпорындармен бірге шаруасын қоғамдық көлік те тоқтатты. Автобус тізгіндеп, отбасыларын асыраған жүздеген жан табысынан айырылды. Бірі жаңа жұмыс іздеп кетті, енді біреуі мекеме мамандарын тасумен азын-аулақ ақша тапты.

Жазда карантин талаптары жеңілдетіліп, автобустардың қозғалысына рұқсат берілді. Бірақ, тек салондағы орындарға ғана отырғызу керек. Ақыры жүргізушілердің табысынан гөрі жанар-жағармай мен автобөлшектерге жұмсалатын қаржы көлемі асып кетті. Әр рейс сайын жолаушы тасымалдаушылар шығынға бата түсті.

Виктор Сухов, «Сухов» ЖК директоры:

– Біз машиналарды түні бойы жөндеп, ертеңгі уақытқа дайындаймыз. Көліктің келесі рейске шығуы үшін қолдан келгенімізді жасаймыз. Менің жеке кәсіпкерлігімде 16 автобус болатын. Қазіргі таңда саны 12-ге дейін қысқарды. Төртеуін утилизацияға өткізуге тура келді. Себебі, қалыпқа келтіру үшін қаражат жоқ. Бөлшектер мен дөңгелектердің барлығы қымбаттап барады.

Бұл тек 22-ші бағыттағы көлікке қатысты айтылған сандар. Ал барлық автобус паркін алар болсақ, көктемде 40-қа жуық машина утилизацияға жөнелтілген. Осылайша, кәсіпкерлер 3 млн-ға алған техникаларын 300 мыңға сатып жіберген. Іскер жандар үшін бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы болған көрінеді.

Виктор Сухов, «Сухов» ЖК директоры:

– Көктемде бір ай бойы жұмысымыз тоқтап тұрғанда жүргізушілердің 50 пайызы кетті. Кейбіреуі қайта оралды. Бірақ, жағдай түзелген жоқ. Қозғалысты қайта бастағанда жолаушылардың да тең жартысынан айырылдық. Қазір қала карантинге жабық. Сәйкесінше, ауылдардан да тұрғындар келмейді, оқушылар, студенттер – барлығы үйде.

Бұрын жүргізушілер әр 3 күн сайын кезектесіп еңбектенетін. Қазіргі режим қатарынан 5 күнді құрайды. Жұмыс таң ата бастау алып, түн жарымға қарай аяқталады. Барлығы – 16 сағаттың шамасы. Осы уақытқа тапқан-таянғанның барлығын жолаушы тасымалдаушылар көліктің техникалық мұқтажына жұмсауға мәжбүр.

Виктор Сухов, «Сухов» ЖК директоры:

– Менің жолаушы тасымалымен айналысып жүргеніме 20 жылдан асты. Осы аралықта дәл мұндай тығырыққа тірелген кез болған жоқ. Қазір «табыс табу» деп ауыз толтырып айта алмаймыз, бастысы – бизнесті сақтап қалу.

Вячеслав Фокин де пандемияға дейінгі жұмыс режимін сағынып жүр. Тұрақты табыс тауып, болашаққа сеніммен қарайтын кез еді дейді жүргізуші. Ал қазір жолаушылар қатары сиреп қалған. Пайда тек таңертең мен кешке ғана бар. Ал күндіз автобус іші аса тола қоймайтын көрінеді.

Вячеслав Фокин – жүргізуші:

– Тұрғындардың маскамен болуын талап етеміз. Кейбірі ұмытып кетеді. Бізбен сөзге келіп, дауласады. Дегенмен, ережеге бағыну керек қой. Халық наразылықтарын бізге білдіреді. Бірақ, санитарлық нормаларды мамандар еріккеннен шығарып жатқан жоқ. Сондықтан, жолаушы тасымалдаушыларға түсіністікпен қарауларын сұраймыз.

Пандемияның қашан кейінге шегініп, қалыпты өмірге оралатынымызды біз білмейміз. Десе де, қиын кезде бастысы – адамгершілікті сақтап, әр жағдайға түсіністікпен қарау.

 

 

 

Эльмира Садвокасова