Тұлға

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні

Қазақстанның тәуелсіздік алып, егеменді ел атанғанына 30 жылға таяу уақыт өтті. Жаңа құрылған республиканың негізін нығайтып, елді дамытуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі елеулі. 1-ші желтоқсан – Тұңғыш Президент күні.

Әлемдік картада шекарасы сызылып, жаңа кезеңге аяқ басып жатқан Қазақстан. Кеңес Одағы ыдырап, ел ішінде – аумалы-төкпелі, қиыншылық заман. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей аласапыран кезеңде халқымызға бір жұдырықтай жұмылып елдің экономикасын, ғылымы мен білімін дамыту керек болды. Осы орайда мемлекетті дамытудың бағыттарын айқындап, алға жаңа мақсаттар қоя білген жан, ол – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Журналист Жарасбай Сүлейменовтің – 90-шы жылдары Қазақ радиосының меншікті тілшісі болып қызмет етіп жүрген кезі. Тәуелсіздік алған жылдары Елбасы облысымызға жұмыс сапармен келіпті. Сол уақытта қаламы қарымды журналистің Тұңғыш Президенттен сұхбат алуға мүмкіндігі туады.

Жарасбай Сүлейменов – «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры:

– Уақыт тығыз, ұшақ дайын, адамдардың барлығы күтіп тұр. Мен сол кезде бір ғана сұрақ қойып үлгердім. Ол кісі жұбатып айтатын шығар деп ойладым. Бірақ, олай болмады. Елбасы халыққа барлық жағдайды айтты. Нұрсұлтан Назарбаев «Қазір күрделі кезең, алда одан да қиын болады. Сол үшін қолымыздағы бар мүмкіндікті пайдаланып, ұлт болып ұйысып, аянбай жұмыс істеуіміз керек» – деді.

Міне, бұл – қиын кезеңде ел тізгінін қолға алып, алға нақты мақсат қоя білетін басшының халықты біріктірудегі қадамдарының бірі еді. Елбасы ешқашан ойын бүкпелеп, жеңілдетіп айтпайды. Жағдайды ашық баяндайды, халықты жігерлендіріп, еңбек етуге шақырды дейді Жарасбай Сүлейменов. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың қарапайымдылығын да тілге тиек етті. Белгілі журналист осы орайда мемлекет басшысының Қытайға жасаған сапары жайлы баяндады. Бірнеше рет маңызды шаралардың куәсі болған Жарасбай ағамызды сол уақытта Елбасы танып, қасына шақырып, тілге қатысты біраз әңгіме қозғаған екен.

Жарасбай Сүлейменов – «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры:

– Елбасы Қытай императорының резиденциясына тоқтаған еді. Сол кезде менімен әңмелесіп, келесі күнгі жоспарларымен бөлісті.

Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді. Тәуелсіздікті тұғырлы етудің негізі – бұл халықтың ауызбіршілігі мен ел ішіндегі тұрақтылық. Береке мен ынтымақты мақсат тұтқан басшы бұл бағытта да көп еңбек сіңірді.

Жарасбай Сүлейменов – «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры:

– 90-шы жалдары небір даурықпа әңгімелер көбейді. Кейбір азаматтарымыз біздің жүргізіп жатқан шаруаларымызға кедергі келтіргісі келген еді. Елбасы олардың барлығын бір арнаға тоғыстырып, ынтымақты қамтамасыз ете білді.

Елбасының жан-жақты жүргізген сындарлы саясатының арқасында бүгінде Қазақстан дамып, бар ғаламға танылды. Қазір еліміз халықаралық деңгейде көптеген іс-шаралар өткізіп, өзін экономика тұрғысынан, мәдениет пен ғылым тұрғысынан да осал еместігін барша әлемге дәлелдеуде.

 

 

 

Бердимурат Баймухан