Құқық қорғау органдары

“Toyota Land Cruiser” көлігін ұрлаған ұры құрықталды

Таудай көлікті ұрлап, тәртіп сақшыларынан қашып құтылмақ болған. Облыс орталығында “Toyota Land Cruiser”-ді қолды қылған ұрыларды ұстау кәдімгі кинодағыдай қуғынға ұласқан. Екі баукеспенің біреуі құрықталды. Екіншісі іздестіріліп жатыр.

Жүрек жұтқан екеудің қарапайым емес, үлкен көлікке көздері түскен. Назарбаев көшесіндегі аулалардың бірінен «Toyota Land Cruiser»-ді таңдап алып, дабыл жүйесін шулатпай ішке кірген. Өздерінің аккумуляторын тағып, таңғы 4-те қаладан шығып кеткен. Таудай темір тұлпарының жоқтығын иесі оянғаннан кейін бірақ байқапты. Көлік ұшты-күйлі жоқ. Қалай кетті, кім әкетті? Дереу полицияға хабар береді.

– Полиция слушает. – Здравствуйте, там машину со двора угнали! – Когда? – Да вот буквально примерно часа назад. — Около одного часа назад? – Да. – Марка машины какая у Вас? – Тойота Ланд Крузер 80. – Тойота Ланд Крузер? – Да. – Какого цвета машина? – Темно-зеленого цвета.

Жедел ақпар тарады. Күдіктілер Боголюбово селосына апаратын трассадан табылды. Артында келе жатқан күміс түсті “Audi”-дің бір елі ажырамайтыны да байқалған.

Тәртіп сақшылары соңдарына түскенімен оларды тоқтату қиынға соққан көрінеді. Манағы “Audi” жолды кес-кестеп, алға қарай өткізбепті. Бұл көлікті кім басқарғаны әлі белгісіз? «Toyota Land Cruiser» ақыры тоқтатылды. Айдап әкеткен – бұрын сотты болған 25 жастағы жігіт. Өзі – Есіл ауданындағы Покровка селосының тұрғыны.

Ал “Audi”-ді тізгіндеген адам қашып құтылып кеткен. Қазір ол іздестіріліп жатыр.

Тілеген Әлжанов – қалалық ПБ бірінші бөлімінің бастығы:

– Бұл фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 178-бабы бойынша іс қозғалды. Құрықталған баукеспенің бұрын да мүлік тонап, сотталғандығы анықталып отыр.

Ұрланған көлік иесіне қайтарылды. Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

 

 

Бисенова Жанна