МТРА жаңалықтары

“Парасатты отбасы” байқауының жеңімпаздары анықталды

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастамасымен өңірде 1 ай көлемінде «Парасатты отбасы» атты онлайн-байқау өтті.

Қатысуға тілек білдірген жандар өз жанұясының күнделікті өмірде ұстанатын қағидаттарын бейнебаянға түсіріп, ролик жасау керек болатын. Мәселен, бала тәрбиесі, қоғаммен қарым-қатынас, үлкенге ізет, кішіге құрмет дегендей. Кейін сол роликті Инстаграмдағы өз парақшасына «parasattyotbasy15» хештегімен жүктеулері тиіс еді. Онлайн-байқауға өңірімізден 9 отбасы қатысқан екен. Кеше “Антикор” орталығында жеңімпаздарды марапаттау шарасы өтті. Үздік үштікке тұрмыстық техника сыйға тартылды және департамент басшысы Ернар Баянғазиннің атынан диплом мен грамота табысталды. Конкурстық комиссияның шешімімен 1-ші орынды петропавлдық Анара Құсанованың отбасы иеленді. Ол сайысқа 4 жасар қызымен қатысыпты. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері жеңімпазға теледидар сыйлады.

Анара Құсанова – қала тұрғыны:

– Әке-шешем бізді әрқашан адалдық пен парасаттылыққа үйрететін. Бұл – өмірде мен ұстанатын ең басты қағидалардың бірі. Өзім де қазір қызымды дәл солай тәрбиелеймін. Отбасылық құндылықтарды насихаттап, қоғамды адалдыққа баулуда осындай байқаулардың сіңірер үлесі мол.

 

 

 

Бердимурат Баймухан