Білім

Облыстық “Жүзден жүйрік” байқауының жеңімпаздары марапатталды

Жүзден жүйрік. Петропавлда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары арасында облыстық байқау ұйымдастырылды. Дәстүрге айналған іс-шараға 122-і педагог қатысуға ниет білдіріпті. Үміткерлер 3 кезеңнен тұратын тапсырмалар легін орындаған.

Дарима Сағдеева Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Жас ұстаз өз міндетіне асқан жауапкершілікпен қарайды. Әрдайым біліктілігін арттырып, түрлі байқауларға қатысып тұрады. Жуырда ол “Жүзден жүйрік” атты облыстық байқауда бақ сынады. Сайыстың соңғы кезеңіне “Абай Құнанбайұлының қара сөздері” атты онлайн-сабақ әзірлепті.

Облыстық “Жүзден жүйрік” байқауы осымен 20-шы рет ұйымдастырылуда. Ұстаздар арасында дәстүрге айналған сайыс биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған.

Гүлзат Әлжанова – «Өрлеу» БАҰО» АҚ СҚО бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы:

– 1-ші кезеңде мұғалімдер сауалнама толтырды. 2-ші кезеңде ұстаздар тест тапсырды. Ол мамандардың біліктіліктерін арттыруға бағытталған. Ал 3-ші кезеңде педагогтар 5-7 минуттық бейнеролик дайындау керек еді.

Облыстық байқауға қатысуға 120-дан астам ұстаз ниет білдірген. Оның 89-ы алғашқы кезеңнен сүрінбей өтсе, 39-ы 3-ші турға жолдама алған.

Гүлзат Әлжанова – «Өрлеу» БАҰО» АҚ СҚО бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы:

– Бүгінгі күні жеңімпаздарымыз 1, 2 және 3-ші дәрежелі дипломдармен марапатталады және бірнеше аталым белгіленіп отыр.

Сонымен 1-ші орынды Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің ұстазы Дарима Сағдеева жеңіп алды. Оның әзірлеген онлайн-сабағы үздік деп танылды. Ал 2-ші орын – ақжарлыққа, 3-ші орын Ғ.Мүсірепов ауданының мұғаліміне бұйырды.

 

 

Ешкенова Дана