МТРА жаңалықтары

“Nur Otan” партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті

Бүгін елордада Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен “Nur Otan” партиясының кезектен тыс ХХ-шы съезі өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылған келелі жиынға облысымыздан 19 делегат қатысты. Маңызды шарада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қиын жағдайға тап болған жандарға көрсетілетін көмек артатындығын мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен жиында «Nur Otan»-ның партиялық тізілімі жасалды. Оған ел бойынша 126 кандидат кірді. Ал Солтүстік Қазақстан облысынан – 3 адам.

– “Nur Otan” партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізіміндегі 126 адамның 77-сі – праймериз жеңімпаздары. Тізімге 49 кандидат партиялық квота бойынша енгізілді. Үміткерлердің 29,4 пайызы, яғни 37-сі – әйел, оның ішінде 3-еуі – көпбалалы ана. 15 адам – 35 жасқа дейінгі жастар.

Келелі жиында Президент пен Елбасы халықты әлеуметтік қолдау, балаларды спортқа баулу, бизнесті дамыту секілді өзекті тақырыптарды қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қиын жағдайға тап болған жандарға көрсетілетін көмек артады деді. Осы орайда алдағы 5 жылдың ішінде әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индекстеуге 3 трлн теңгеден астам қаржы бөлінетіндігін айтты. Бұл ретте қарттарға берілетін зейнетақы мөлшері де өспек.

Бақытжан Сәмиева – СҚО әйелдер күштері альянсының төрайымы:

– Осы съезде Президентіміз алдымызға көп жоспар қойды. Экономикалық қиын жағдайда тұрсақ та халыққа көмек көрсетіледі деді. Барлық мәселе пандемияның төңірегінде ойластырылып жатыр.

Сонымен қатар, жиында бас партияның өткен 5 жылда атқарған жұмысы қорытындыланып, сайлауалды бағдарламасы бекітілді.

 

 

Бердимурат Баймухан