Мәдениет

“Абайдың музыкалық мұрасы” атты онлайн конференция өтті

Бас ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шара. Cәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада ұлы Абай Құнанбайұлының музыкалық мұрасын көпшілікке таныту, насихаттау мақсатында онлайн конференция өтті.

Қашықтықтан ұйымдастырылған конференцияда қара шаңырақтың бөлім меңгерушісі Наталья Чуряк сөз сөйледі. Ол дара тұлғаның әндері құлақтан кіріп, бойды алатындығын, ерекше стильге ие екендігін айтты. Және мұндай туындылар еш уақытта өз мәртебесін жоғалтпайтындығын мәлімдеді. Кейін, жерлесіміз бірнеше шығарманың тарихына тоқталды, оларды пионинада ойнап берді. Атап айтсақ, “Көзімнің қарасы”, “Желсіз түнде жарық ай”, “Ата-анаға көз қуаныш” сияқты һәкім Абай әндері орындалды.

Наталья Чуряк – С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың бөлім меңгерушісі:

– Абай әндері маған қатты ұнайды. Оларды бүгінде радиодан, теледидардан жиі естуге болады. Қазір өңделген, жаңа нұсқалары да бар. Туындыларды сүйіп тыңдаймын. Және барша көрерменге тыңдауға кеңес беремін. Өзім ақынның 10-ға жуық әнін пионинада ойнай аламын.

 

 

 

Алдияр Айтпаев