Спорт

“Қуаныш” ВК ел чемпионатының 1-ші кезеңінде 3-ші орынға тұрақтады

“Қуаныш” ВК жуырда Талдықорған қаласында өткен ел чемпионатының 1-ші кезеңінде үздік үштіке ілінді. 8 команда бақ сынаған додада жерлестеріміз жақсы ойын өрнегін көрсетті. 5 деңгейден тұратын біріншіліктің 2-ші кезеңі желтоқсанда Семейде ұйымдастырылады.

29-шы ел чемпионаты “Қуаныш” волейбол клубы үшін сәтті басталды. Турнир кестесінің алдыңғы қатарына тұрақтаған спортшылар “Алтай” мен “Жетісу ” құрамаларына ғана есе жіберген екен. Енді қазір біріншіліктің 2-ші кезеңіне дайындалуда. Бапкерлері – Азамат Есімов.

Азамат Есімов – “Қуаныш ВК” бас бапкері:

– Дайындық шілде айынан басталды. Құрама осы маусымда жаңа ойыншылармен толықты. Бұрыннан ойнап келе жатқан орталық қорғаушыларымызды “Алтай” және “Жетісу” өз қатарларына алды. Біз де Алматы және Мәскеу қалаларынан жаңа ойыншылар қабылдадық. Қазір құрама өз бабында.

Командада Украинадан – екеу, Мәскеуден, Алматы және Павлодар қалаларынан келген ойыншылар бар. Құрама сапына жаңадан ойыншылар қосылғаннан кейін ойын барысында түсініспеушіліктер болған. Капитанның өзі – Ресейдің Челябі қаласынан.

Екатерина Михайлова – “Қуаныш” ВК капитаны:

 – 1-ші кезең ойдағыдай өтті. Ойымыздағы жоспарды іске асырдық. Қателіктер болды, жақын арада түзетеміз деп ойлаймын. “Қуаныш” ВК-ның құрамында осымен 4-ші маусымды өткізіп жатырмын. Өзім Челябі қаласынан легионер ретінде келдім. Өзіме осында ұнаған соң қалуды жөн көрдім.

“Қуаныш” ВК қатысатын ел чемпионатының 2-ші кезеңі желтоқсанның 10-ы мен 19-ы аралығында Семейде өтеді. Жерлестеріміздің басты мақсаты – турнирлік кестедегі 3-ші орыннан төмен түспеу.

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев