МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

Сауда павильондарының пандемия кезіндегі жұмысы

Қостанай облысында дүкенде бетперде киюден бас тартқан азамат әкімшілік жазаға тартылды. Ашуға мініп, өшін кассирден алған ер адам екі тәулікке қамалып, 42 мың теңгеге жуық айыппұл төлеуге міндеттелді.

Бұл бірер күн бұрын Қостанай облысында орын алған жағдай. Видеодан көргендеріңіздей ер адам маска тағудан бас тартып, сатушыдан оған тезірек қызмет көрсетуді талап еткен. Бірақ, ереже бәріне ортақ. Сондықтан, заңға бағынғысы келмей, ашуға мініп, бар өшін кассирден алған азамат әкімшілік жазаға тартылыпты. Ол екі тәулікке қамауға алынып, 41600 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Абырой болғанда, бізде мұндай жағдайлар жиі кездеспейтін көрінеді. Әрине, кей-кейде бетпердені төмен түсіріп қоятындар, әлеуметтік арақашықтықты сақтамайтындар бар. Маска киюді ұмытып кететіндер де кездеседі. Десе де, жасалған ескертуді дұрыс қабылдайды.

Нағима Шуканова облыс орталығындағы ірі сауда желісінде кассир болып еңбектенуде. Жұмысқа 5 жыл бұрын орналасыпты. Шаруа, әрине, оңай емес. 12 сағат бойы қызмет көрсетеді. Жүктелген жауапкершілік үлкен. Ал наурыздан бері режим тіптен күрделенген. Әр тауарды өткізіп, монитордан оны тексеру керек, егер өлшенген өнімдер болса, оның салмағын тағы таразылау қажет. Қазір бұның барлығына сатып алушы маскасын киді ме, жоқ па, кезектегілер бір-бірінен қаншалықты алшақ тұр деген факторлар қосылған.

Нағима Шуканова – сауда желісінің кассирі:

– Маскамен жұмыс істеу қиын. Сатып алушы айтқаныңды естімей қалып жатады. Ал кейбір тұрғындар бетпердесін төмен түсіріп қояды. Әрине, ескерту жасаймыз. Оған әр адам әр түрлі жауап қайтарады. Келіспей жатқанда әкімгерді, тіпті күзет қызметкерлерін шақыртуға тура келеді. Жалпы, кассаға бас-көз болып, оның маңайындағы жағдайды бақылауда ұстау айтарлықтай салмақ салады.

Өзгерістерге кассирлер бүгінде үйреніпті. Қазір тіпті бұрынғы режимді еске алудың өзі қиындау дейді мамандар. Жалпы, сауда желісінде кезекпен барлығы 40 сатушы еңбектенеді. Тағы соншасы ар жағында – залда жұмыс істейді.

Евгения Марушкина – сауда желісінің әкімшісі:

– Жұмыс берушіміз қызметкерлерді қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуде. Мамандар қолдарына перчатка киіп, беттеріне маска тағып қана шаруасына кіріседі. Соңғысын әр 3 сағат сайын ауыстырып тұрады. Одан бөлек, жұмыс орындарына антисептик орнатылған. Нысанға кіреберісте сауда жасауға келген тұрғындардың дене температурасы өлшеніп, қолдарын өңдеу үшін дезинфекциялауға арналған сұйықтық бар.

 

Эльмира Садвокасова