Құқық қорғау органдары

СҚО полицейлері 6 күн ішінде 7 мал ұрлығын ашты

Солтүстікқазақстандық полицейлер 6 күн ішінде 7 мал ұрлығын ашты. Барымташылық фактілері  “Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында әшкереленді. Тәртіп сақшылары тексеріс жұмыстарынан бөлек  бақташылармен де сөйлесіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Елімізде «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы қарашаның 16-сы мен 21-і аралығында өтті. Оған 300-ден аса солтүстікқазақстандық полицей қатысып, базар мен дүкендерді, ет өңдейтін кәсіпорындарды тексерді. Басты мақсат – үй жануарларына қатысты қылмыстарды анықтау және алдын алу.

Құмарбек Жоламан – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

– Бұрын жасалған 7 қылмыс ашылды. Олардың үшеуі – «өткен жылдар» санатындағы қылмыстар. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 406-бабы бойынша 36 хаттама толтырылды. Осы іс-шара кезінде 21 автокөлік тексерілді.

Бүгінде өңірімізде бос жүрген малдарды қамайтын 200-ден астам айыптұрақ бар. Сондай-ақ, 114 мал сою және ет өңдеу пункті жұмыс істейді. Оларда тиісті ережелер қатаң сақталады.

Акция барысында тәртіп сақшылары тексеріс жұмыстарынан бөлек, бақташылармен де тілдесті. Оларға мал ұрлығы жасалған жағдайда қандай жаза қолданылатындығы баяндалды және тиісті ережелер жазылған жадынама қағаздар таратылды. Мұндай буклеттер блокбекеттерден өткен жүргізушілерге де үлестірілді. Сөз соңында аз-кем статистикамен бөлісейік. Ағымдағы жылдың 10 айында өлкемізде 34 мал ұрлығы анықталыпты. Сондай-ақ, үй жануарларын бағу қағидаларын бұзудың 1604 фактісі тіркелген.

 

 

 

Казиканова Алтынай