Көлік және жолдар

Өңірде ірі жолдарды тазалауға биыл 300 млн теңге қарастырылған

Өңір бойынша  республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 2 мың шақырымға жуықтайды. Оларды күтіп-ұстау үшін биыл ел қазынасынан 300 млн теңге бөлінген.

Қазір қар көп емес. Қыстың басы, сәйкесінше ақ ұлпа да әзірге аз түсті. Ауысыммен еңбек ететін жұмысшылардың жұмыс кестесі ауа райына тікелей байланысты. Яғни, ақ ұлпа қаншалықты көп болса, жұмыс көлемі де соншалықты артады деген сөз.

Мақсат – жолды тазалау ғана емес, тайғақ болса, құм мен тұз шашылады. Қазір қорда өңір жолдарына қыс бойына жететін 1200 текше метрден астам инертті материал бар.

Қанат Усербаев – “ҚазАвтоЖол” ҰК АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Биыл өңір бойынша 283 шақырым жолдың қар құрсауында қалу қаупі бар. Бұл учаскелерде қарды тоқтату үшін арнайы қалқандар орнатылып жатыр. Одан бөлек, қолайсыз ауа райына байланысты қозғалысты шектеу немесе тоқтату қажеттілігі туындаған жағдайда құтқарушылармен және тәртіп сақшыларымен бірлесіп әрекет етеміз.

Автогрейдер, тиегіштер мен кәдімгі тракторлар. “Қазақавтожол”-ға қар тазалаумен айналысатын 100-ден астам техника тиесілі. Алдағы уақытта қатарға тағы 7 техника қосылмақ. Оның өзі жалға алынатын. Тағы қар ерітетін “Айсмикс” деп аталатын материалдың 5 тоннасын сатып алу жоспарлануда.

Азамат Шубеков – “Қазақавтожол” ЖШС СҚОФ бас инженері:

– Қар тазалауда техниканы пайдаланудан бөлек тағы бір әдісті қолданамыз. “Айсмикс” деген затты шашқан кезде қар ериді. Еріген қар суын лезде арнайы машина сорып алады. Сонда көктайғақ та болмайды, жол да тазаланады. Бірақ, бұл әдісті -10-12 градуста ғана қолдануға болады.

Жалпы, облыс бойынша республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 2 мың шақырымға жуықтайды. Жолдарды күтіп-ұстау үшін қараша мен желтоқсан аралығына ел қазынасынан шамамен 300 млн теңге бөлінген.

 

 

 

 

Бисенова Жанна