МТРА жаңалықтары

Өңірде электронды форматта 649 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі

Соңғы 9 айда солтүстікқазақстандықтар мемлекеттік қызметтердің 92 жарым пайызын электрондық форматта алған. Ал қаладағы спорттық нысандарды жөндеуге 400 млн теңге бағытталыпты. Сондай-ақ, 5 бірдей  балалардың әлеуметтік қызмет көрсету орталығына тексеріс жүргізілген. Бүгін 3 бірдей саланың өкілдері жергілікті коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингіде есеп берді.

Осы көктемде Шығыс Қазақстанда болған оқиға бүкіл елді дүрліктірді. Аягөз қаласындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жұмбақ жағдайда 4 бала көз жұмды. Кім кінәлі? Бұған қалайша жол беріліп отыр? Бұндай сұмдық жағдайдың өзге өңірлерде орын алмасы үшін түпкілікті тексеріс тағайындалған болатын. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО департаментінің басшысы Мереке Мұхамедияров осы тексеріс шарасына тоқталды.

Мереке Мұхамедияров – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Осы тапсырмаға байланысты Солтүстік Қазақстан облысында денсаулық мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметін бақылау бойынша мониторингтік топ құрылды. Топтың құрамына Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің, облыстық психологиялық медициналық консультациясының, Денсаулық сақтау басқармасының, Ұлттық превентивтік механизмінің өкілдері, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі кірді.

Арнайы құрылған мониторингілік топ қарашаның 6-сы мен 16-сы аралығында Петропавлдағы 2 бірдей арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына бақылау жүргізеді. Соның бірі – қалалық балалар әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Нысан 95 орынға шақталған: Нақты стационар жағдайында 38 жеткіншек қаралып жүрген. Оның 31 – ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар. Ал екінші орталық «Арман» деп аталады. Мұнда тірек-қимыл аппаратының бұзушылығы бар мүгедек балалар ем алады. Тексеріс барысында 2 бірдей орталықта да ешқандай олқылықтар анықталмаған.

Мереке Мұхамедияров – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Мониторингтік тобымен жалпы қызметтік бөлмелер, азық-түлік, киімдер, қажетті заттарды сақтайтын қоймалар қаралды. Орталықтар санитарлық нормаларға сәйкесті, бөлмелер ішінде жүріп-тұруына ыңғайлы арнайы қондырғылар орнатылған, қажетті жиҺаздармен, техникалармен жабдықталған, бөлмелері таза. 2 орталықтың да кадрлық құрамы білікті, әлеуметтік салада үлкен тәжірибелері бар, қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан уақытында өтіп тұрады.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов өңір бойынша салада атқарылған істерге тоқталды. Биыл біраз нысан жөндеу көрген.

Сергей Мелехов – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Қаладағы “Қарасай” стадионы, “Дельфин” бассейні мен тағы 2 нысанды жаңалауға облыстық бюджеттен 400 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Сондай-ақ, бүгінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Саумалкөл, Явленка және Пресновка селоларында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр.

Ал Ғ.Мүсірепов, М. Жұмабаев, Мамлют пен Тимирязев аудандарында 5 жабық хоккей корты салынуда. Биыл елді мекендерде Мәдениет үйлерін мәдени-сауықтыру орталығына бейімдеу жұмыстары да қызу жүріп жатыр.

Брифингіде мемлекеттік қызметтердің электронды нұсқада көрсетілуі жайы да айтылды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті департаментінің бас маманы Гүлнәр Жусалина қазіргі пандемия жағдайында онлайн формат кең сұраныста дейді.

Гүлнәр Жусалина – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

 -Бүгінгі таңда 694 мемлекеттік қызмет түрі бар. Олардың 93%-ы электронды форматта қолжетімді. Сондықтан, облыс тұрғындарын мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алуға шақырамын, себебі бұл уақытты үнемдейді.

Қазір керісінше қағаз жүзінде құжат рәсімдеу айтарлықтай азайған. Соңғы 9 айда солтүстікқазақстандықтар мемлекеттік қызметтердің 92,5% электрондық форматта алған.

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана