COVID-19: Қазақстан

Білім беру ұйымдарының пандемия жағдайындағы жұмысы

Осы айда өңірде 70-ке жуық оқушының бойынан КОВИД-19-дың белгісі анықталды. Соның 7-уі / өткен аптада жұқтырған.

Жаңа оқу жылы басталғанда облысымыздағы 477 мектептің 354-і штатты режимде жұмыс істеді. Яғни, бастауыш сыныптың оқушылары мектеп қабырғасында білім алса, 5 пен 11-ші сынып аралығындағы ұл-қыздар сабақты қашықтықтан жалғастырды. Өткен дүйсенбіде оқу жылының кезекті тоқсаны бастау алды. Осыған орай өңірдегі тағы 8 білім ұясы штатты режимге ауыстырылған.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– 2-ші тоқсан басталысымен Чеховская орта мектебі қашықтықтан оқытуға көшті. Ал Ғабит Мүсірепов ауданында штатты режимге 5 білім ошағы ауыстырылды. Сондай-ақ, Қызылжарда – 2, Тайыншада 1 мектептің оқушылары сабақтарын мұғалімнің алдында оқуда. Бұлардың барлығы – шалғай ауылдарда орналасқан шағын жинақты білім мекемелері.

Қараша айында өңірдегі 68 оқушының бойынан КОВИД-19 анықталды. Олар – Уәлиханов, Аққайың ауданындарының және Петропавл қаласындағы 2 мектептің балалары. Мамандардың айтуынша ұл-қыздар вирусты демалыс кезінде жұқтырып алған көрінеді. Осыған байланысты брифинг барысында ата-аналар тарапынан түрлі сауалдар келіп түсті. Денін “Мектептер карантинге жабылуы мүмкін бе?” деген сұрақ мазалайды.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Білім мекемелерінде ауырған балалар анықталған жағдайда мектептер карантинге толық жабылмайды. Тек қана сол жердегі мектептердің оқу барысы штаттық режимнен онлайн режимге ауысады.

Жаңа қаулыға сәйкес білім беру тәртібі бұрынғыша қала бермек. 5-ші мен 11-ші сынып аралығындағы оқушылар сабақтарын қашықтықтан оқи береді. Жалпы, қазіргі күні облыстағы 116 мектеп онлайн форматта жұмыс жасауда.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан