МТРА жаңалықтары

Жаңа монеталар айналымға шықты

Ұлттық банк  “Дала қазынасы” сериясымен  100 теңгелік  “Жеті қазына” деп аталатын монеталарды айналымға шығарды. 7 түрлі тиында  қазақ халқының дәстүрінен сыр шертетін сурет бейнеленіпті. Жалпы,  әрқайсысы 500 мың данамен  3 жарым млн монета айналымға шығарылған.

Қазақ халқы үшін 7 саны ежелден киелі болып саналады. Халқымыз 7 санын мынадай қасиетті ұғымдармен байланыстырған: жеті ата, жеті ырыс, жеті байлық, жеті қазына. Соңғысының ер жігіттің өміріне тікелей қатысы бар. Ата-бабамыз азаматтың сұлу әйелі, құмай тазысы, ақыл-білімі, жүйрік аты, қыран бүркіті және берен мылтығы болуы тиіс деген. Осыған байланысты Ұлттық банк “Дала қазынасы” монеталар сериясынан номиналы 100 теңгелік 7 түрлі шақа шығарды.

Мейрам Мамбетов – “ҚР Ұлттық Банкі” РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Жуырда ҚР Ұлттық Банкі 100 теңгелік “Жеті қазына” монетасын айналымға шығарды. Шақаның 7 түрі бар. Әрқайсысында ер жігіт, сұлу әйел, құмай тазы, ақыл-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт және берен мылтық бейнеленген. Бұл суреттер қазақ халқының дәстүрінен сыр шертеді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа монетаның дизайны бұрынғылардан мүлде ерекше.

Дизайны ауысқанымен жаңа шақаның салмағы, диаметрі, қалыңдығы, металл қорытпасы еш өзгеріссіз қалып отыр. Яғни, қазіргі 100 теңгелікпен бірдей. Айта кеткен жөн, оны қолма-қол ақша ретінде кез келген жерде пайдалануға болады. Ал егер монета бір жерде қабылданбаса, тұрғындар Ұлттық банктің кез келген филиалына келіп, мамандарға жүгіне алады.

Мейрам Мамбетов – “ҚР Ұлттық Банкі” РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Егер жаңа монета қабылданбаса, қабылдамаған жанға банк өкілдері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 206-бабына сәйкес ескерту жасайды. Егер бұл жағдай қайталанса, 5-тен 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұған дейін біздің өңірімізде мұндай мәселе орын алған жоқ.

ҚР Ұлттық Банкі су жаңа шақаның 3,5 млн данасын шығарды. Алдағы уақытта қаржы ұйымы “Жеті қазына” сериясынан коллекциялық монеталар әзірлемек.

 

 

 

Ешкенова Дана