COVID-19: Қазақстан

СҚО-да соңғы тәулікте коронавирус 96 адамның бойынан табылды

Коронавирусқа шалдыққан солтүстікқазақстандықтардың саны күннен-күнге артуда. Тура 10 күн бұрын бір тәулікте ковид-19-ды 54 адам жұқтырса, бүгінгі статистика 96-ны құрайды. Яғни, бар-жоғы 24 сағаттың ішінде 100-ге жуық солтүстікқазақстандықтың бойынан қауіпті індет табылған. Ал пандемия басталғалы  жалпы статистика 5600-ді құрап отыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 4856 адам дерттен жазылып шықса, 25 тұрғын, өкінішке қарай, аурудың құрбаны болды. Коронавирусты жұқтырмаудың тиімді тәсілдерінің бірі – тиісті санитарлық шараларды қатаң сақтау дейді инфекционист-дәрігерлер.

Елімізде коронавирусты жұқтырған науқастардың жалпы саны 126 мыңнан асты. Олардың 70-75 пайызы дерттің жеңіл немесе симптомсыз формасына шалдыққан. Соңғылары өздерінің бойында ковид-19 барын білмеуі де мүмкін. Бірақ, егер науқас маскасыз жүрсе, тәжді індетті жұмыстағы әріптестеріне, автобуста бірге отырған жолаушыларға жұқтыруы ықтимал. Ал олардың өмірі үшін дерт шынымен де қауіпті болуы мүмкін. Дәрігерлердің үнемі бетперде киіп, қолды антисептикпен өңдеудің маңыздылығын айтудан жалықпауы да сондықтан.

Татьяна Цечоева – қалалық инфекциялық орталықтың жауапты басшысы, Нұр-Сұлтан:

 – Ковид-19 бен өзге де жіті респираторлық вирустың белгілері өзара ұқсас. Яғни, бас солқылдап, буындар ауырып, дене қызуы көтеріледі. Одан бөлек, дәм және иіс сезгіш қасиеттер жоғалады. Бұл симптомдар бәрі бір мезетте немесе жекелей байқалуы мүмкін.

Инфекционист атап өткен белгілер байқалғанда бірден дәрігерлердің көмегіне жүгіну қажет. Тұрғындар тарапынан ем-дом шараларын өздері тағайындап, үйде бар дәрі-дәрмекті қолданулары ойға қонымсыз дейді мамандар. Жіті респираторлық вирустық инфекция болса жөні бөлек, оған үйдегі дәрі-дәрмектің қауқары жетер, ал коронавирус болса ше? Сол себепті, жедел жәрдем немесе емханаға хабарласу – міндет. Мұны кейінге қалдырмай, барынша жедел жасаған жөн. Әйтпегенде, ковид-19 асқынып кетуі мүмкін. Дерт ушықса, сәйкесінше салдары да ауыр болады. Коронавирус бірден өкпені зақымдайды.

Татьяна Цечоева – қалалық инфекциялық орталықтың жауапты басшысы, Нұр-Сұлтан қаласы:

 – Тұмау және ОРВИ-мен ауырғанда әдетте вирусқа қарсы иммунитетті күшейтетін дәрі-дәрмек қабылдаймыз. Ал коронавируста бұл препараттарды ішуге мүлдем болмайды. Ковид-19-ға шалдыққандар ауруды асқындыруға жол бермейтін медикаменттерді қабылдаулары қажет. Оны, әрине, дәрігерлер науқастың жағдайына байланысты тағайындайды.

Созылмалы ауруға шалдыққан және жүкті әйелдер өз денсаулығына бірнеше есе жауапкершілікпен қарау қажет. Себебі, аталған санаттағы жандар ковид-19-ды жұқтырған кезде жағдайлары күрт нашарлап кетуі мүмкін. Осы орайда пандемия уақытында барынша оқшау жүргендері жөн болар.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова