Құқық қорғау органдары

СҚО-да 23 жастағы жігітті күйік шалып, қайтыс болды

СҚО-да 23 жастағы азаматты күйік шалып, қайтыс болды. Бұл оқиға өткен бейсенбі күні Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында орын алды.

Петропавлдық жігіт 4 досымен бірге жер үй жалдап, көңілді кеш ұйымдастырыпты. Жолдастарының бірі туған күнін тойласа керек. Таңертең марқұм темекі шегу үшін отын қоймасына барады. Көп ұзамай сол жерден денесін от шарпыған күйде жүгіріп шығады. Бұны байқаған замандастары отты бірден өшіріп, жедел жәрдем шақырады. Мамандар оны ауруханаға жеткізіп, көмек көрсеткенімен, өміріне араша түсе алмады. Өкінішке қарай, өрімдей жас жігіт кешкілік уақытта  қайтыс болған.
Өрт еріткіш сұйықтық құйылған канистрден таралуы мүмкін. Анық-қанығы тексеріліп жатыр.

Бақтияр Есімов – Қызылжар ауданы ПБ бастығының орынбасары:

– Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғалды. Қазір тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиға жайлы куәгерлерден де сұрастыратын боламыз. Қорытынды шешім сараптамалық жұмыстардан кейін белгілі болады.

Эльмира Садвокасова